Танымал әнші Қарақат Әбілдина Президенттің амандасу әдебі жайлы жасаған мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Айтуынша, құшақтап-сүйіп амандасу - дұрыс емес.
"Кеше Құрылтай абыроймен өтті. Ал бүгін Президентіміздің амандасу әдебіне қатысты айтқан сөзі кеңінен талқыланып тарап жатыр. Көптен көкейімде жүрген ойдың айтылғанына өз басым іштей қуандым. ⠀ «Сәлем - сөздің анасы» деген халықпыз. Адамның әдебі де, көрген тәрбиесі де кейде осы бір сәлемінен-ақ аңғарылып тұрады. ⠀ Елдің алдында жүрген соң түрлі ортада, көпшілікпен жиі жүздесеміз. Сондай кезде өзіме де ыңғайсыз тиетін жағдайлар болып тұрады. Сахнада ән айтып тұрғаныңда немесе көпшілік ортада бөтен ер азаматтардың құшақтай жөнеліп, бетіңнен сүюге ұмтылғаны өте ерсі таза әдепсіздік дер едім. Тіпті Қыдекеңнің де ондайда кейбір кісілерді қайырып жіберген кездері болды. Тамыр-таныстар да құшақтап, сүйіп амандасып жатады. Әрине, мұның астарында жаман ниет жоқ. Қазақтың ақкөңілдігі ғой. Жақынын көрсе «ой, айналайын!» деп құшағын жая жөнелетін халықпыз. Өзіміз де солай амандасып үйреніп кеткенбіз. ⠀ Бірақ ақкөңілділік пен әдептің де ара-жігі бар. Бөтен ер мен бөтен әйелдің құшақтасып, сүйісіп амандасуы біздің ата-бабамыздан қалған амандасу әдебіне тән емес. ⠀ Президент айтқандай, кеуде тұсына қол қойып, жылы жүзбен амандасудың өзі қандай жарасымды! Сол бір ишараның өзінен сыйластық та, кішілік те, тәрбие де көрініп тұрады. ⠀ Індет кезінде осыны өмірдің өзі үйретті емес пе? Бір-бірімізге тым жақындамай, тіпті қол алыспай амандасуға да үйрендік. Содан ешкімнің бір-біріне деген құрметі кеміп қалған жоқ. Індет тоқтағанда баяғы әдетімізге қайта оралдық. ⠀ Түсінемін, әдет бір күнде өзгермейді. Бірақ жақсы әдетті адам өзінен бастағаны жөн! ⠀ Қанша жақсы көрсек те, құрметімізді міндетті түрде құшақтасып, сүйісіп дәлелдеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. ⠀ Ал енді осы жерде мені жақын көретін әріптес, дос-жаранға, әсіресе ер азаматтардың назарвна : ертең кездескенде қолымды созып, құшақ жаймай қалсам, «Қарақат өзгеріп кетіпті» демеңіздер. Қолымды жүрек тұсына қойып амандассам, сіздерге деген құрметімнің кемігені емес. Керісінше, құрметпен ізет білдіргенім деп біліңіздер…, - деп жазды ол.