Атырау облысының Индер ауданында төртінші баласына жүкті 32 жастағы әйел күйеуінен таяқ жегенін айтып, ауруханаға түсті. Үш баланың анасы ер адамның бұған дейін де бірнеше рет қол көтергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
КТК мәліметінше, қазіргі таңда әйел Индер аудандық ауруханасында ем алып жатыр. Оның айтуынша, оқиға болған түні күйеуі үйге мас күйінде келген. Әйел жанжал кезінде ер адамның өзіне бірнеше рет соққы жасағанын айтып, балаларынан қорыққанын жеткізді.
Ақбөбек Оразбаеваның сөзінше, балалардың екеуі ояу болғанымен, қорыққанынан ұйықтап жатқан кейіп танытқан. Әйел сол сәтте күйеуінің қолынан қаза болуы мүмкін екенін түсініп, көршісінің үйіне қашып кеткен. Кейін сол жерден жедел жәрдем шақырылған.
«Жатқан едім, сол кезде екі рет ұрды. Басым, құлағым бәрі шыңылдап кетті. Кіші қызым тұрып кетті. Балаларымның екеуі де ояу жатқан екен. Олар қорыққаннан ұйықтап жатқан кейіп танытқан», – деді жәбірленуші.
Әйелдің айтуынша, полиция қызметкері ауруханаға келген кезде оны қорғаудың орнына отбасын сақтауға шақырған.
Дәрігерлердің мәліметінше, жәбірленуші ауруханаға үш күн бұрын жеткізілген. Оның басы мен жақ тұсында, сол аяғында көгерген іздер бар. Әйел ішінің ауырғанын айтқан. Қазір хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Дәрігерлер жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Жүктілігіне байланысты акушер-гинеколог та тексеру жүргізген.
Жәбірленушінің туыстары полицияның істі бастапқыда тиісті деңгейде қарамағанына наразы. Олардың сөзінше, күдікті тек табанды талаптан кейін 24 сағатқа қамалып, кейін босатылған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол ауруханада жатқан әйеліне барып, тағы да жанжал шығарған.
Туыстары ер адамның қамауға алынып, заң аясында жауапқа тартылуын талап етті. КТК мәліметінше, полиция күдіктіні қайта қамаған. Қазір оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.