Жаңалықтар

"Денесіне темір кіріп кеткен": Ақтөбеде 11 жастағы бала ауыр жарақат алды

"Денесіне темір кіріп кеткен": Ақтөбеде 11 жастағы бала ауыр жарақат алды

Ақтөбе маңындағы Кеңес Нокин тұрғын алабында 11 жастағы бала ойын алаңындағы шығып тұрған темір штырьға шаншылып, ауыр жарақат алды. Оқушыға шұғыл түрде ота жасалған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Әмір есімді мектеп оқушысы сыныптастарымен бірге соңғы қоңырауға дайындалып жүрген. Бірнеше күн бұрын ол әдеттегідей үй жанындағы алаңға ойнауға шыққан. Алайда ойын кезінде құлап, денесіне темір істік кіріп кеткен.

Баланың әпкесі Данара Даришеваның айтуынша, жарақат өте ауыр болған.

«Аяғындағы жара терең болды. Баланы дереу ауруханаға алып кетіп, ота жасады. Қазір бұл алаң иесіз қалғандай әсер қалдырады. Әкімдік мердігерді кінәлайды, мердігер әкімдікті кінәлайды. Ал балалар күн сайын осы жерде ойнайды», – деді ол.

Қазір Әмір сол аяғын толық баса алмайды және қатты ауырсынуға шағымдануда.

Дәрігерлердің сөзінше, егер темір артерияға тигенде, жағдай әлдеқайда қайғылы аяқталуы мүмкін еді.

«Бала жамбас тұсындағы жыртылған жарақатпен жеткізілді. Қажетті хирургиялық өңдеу жүргізіліп, тігіс салынды. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық», – деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Әкімжан Аубакиров.

Белгілі болғандай, оқиға болған алаң екі жыл бұрын «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынған. Алайда көптеген кемшілік анықталғандықтан, нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген.

Әкімдік мәліметінше, сот сараптамасы ойын алаңын сапасыз деп таныған. Осыған байланысты мердігер компанияға төлем жасалмаған.

«Бірінші және апелляциялық сот біздің талап-арызымызды қолдады. Бірақ мердігер Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Қазір шешімді күтіп отырмыз», – деді Алматы ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің бас маманы Жәдігер Балтабай.

Шенеуніктердің айтуынша, алаңның құны 33 миллион теңгені құраған. Енді сот мердігерді кемшіліктерді өз қаражатына түзетуге міндеттей ме, әлде қауіпті нысан толық сүріле ме – оны уақыт көрсетеді.

Барлық жаңалық