Спорт

Бақтияр Артаев Аслан Қаженовті қолдады: журналисті әріптестері де қорғап жатыр

Бақтияр Артаев Аслан Қаженовті қолдады: журналисті әріптестері де қорғап жатыр

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев спорт журналисі Аслан Қаженовке қолдау білдіріп, журналистке жасалып жатқан қысымға алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Артаевтың айтуынша, Қаженов қазақстандық спорттағы мәселелерді ашық айтып, спортшылардың жанайқайын қоғамға жеткізіп жүрген санаулы журналистің бірі.

«Аслан ел спортына керек азамат, қайсар мінезді, турасын айтатын мықты журналист. Қоғамға керегі де – осындай азаматтар», – деп жазды Олимпиада чемпионы. 

Артаевтың бұл жазбасынан кейін әлеуметтік желіде Аслан Қаженовке қолдау білдірген пікірлер де көбейді.

Журналист Талғат Серікқалиұлы Асланды мектеп-интернатта жетінші сыныптан бері танитынын жазып, оның бала кезінен әділдікке бейжай қарамайтынын атап өткен. Ол Қаженовті кәсіби деңгейдегі, спорт журналистикасына берілген маман ретінде бағалап, қиын сәтте әріптесіне қолдау білдіру қажет екенін жеткізді.

Ал Жандос Айтбайұлы Асланмен әріптес қана емес, көрші тұратынын айтып, оның еңбекқорлығына тоқталған. Ол Қаженовті елге де, қазақ спортына да қажет азамат деп бағалап, журналисті қолдайтынын білдірді.

Бағдат Ізмағанбет болса, Аслан Қаженовті қайсар, әділдікті талап етуден қорықпайтын азамат ретінде сипаттады. Ол журналистің басына жан-жақтан қысым жасалмауы керек екенін айтып, қазақ спортындағы мәселелерді көтеріп жүрген азаматтарды қолдауға шақырды.

Өз кезегінде Алмат Әбдіраман Қаженовтің көп жылдан бері қазақ спортының кемшілігі мен жетістігін қатар жазып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, журналист спорт саласын жақсы білетін, аналитикаға сүйеніп пікір айтатын маман. Ол Бақтияр Артаевтың әріптесін ашық қолдағанына ризашылығын білдірді.

Осылайша, Бақтияр Артаевтың мәлімдемесі әлеуметтік желіде қолдау тауып, спорт журналистері мен әріптестері Аслан Қаженовтің кәсіби қызметін жоғары бағалап, оған қысым көрсетілмеуі керектігін айтып жатыр. Бұған дейін Қаженов әлеуметтік желідегі жазбасында өзіне қысым жасалғанын айтып, жағдайға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасаған болатын

Барлық жаңалық