Балқаш қаласында Металлургтер күніне арналған мереке биыл ерекше форматта өтті. 17 шілдеде көл жағалауында ұйымдастырылған Metallurg Fest фестиваліне қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, жағалау үлкен мерекелік алаңға айналды., деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Кештің концерттік бағдарламасында қазақстандық және шетелдік өнерпаздар өнер көрсетті. Көрермендер алдында «Ирина Кайратовна» тобы, Жанар Дұғалова, Болат Құсайынов және «Ялла» ансамблі сахнаға шықты.
Мерекелік кешті Timur Teams пен IL’HAN бастап берді. Балқаш мыс балқыту зауытының қызметкерлері Ерсұлтан Сәкенов пен Әділжан Бисенбаев та ERS & Adilzhanym дуэті ретінде өз өнерлерін ортаға салды. Олар металлург мамандығы мен өндіріс адамдарының еңбегіне арналған әндерін орындады. Бағдарламаны CrossFire тобының ұлттық нақыш пен заманауи хореографияны ұштастырған «Салтанат» жарық шоуы толықтырды.
Фестиваль аумағында түрлі жастағы қонақтарға арналған қосымша ойын-сауық орындары да ұйымдастырылды. Балалар алаңдары мен интерактивті аймақтар жұмыс істеп, қатысушылар металлургтер еңбегі мен «Қазақмыс» тарихын бейнелейтін ортақ арт-жобаны жасауға үлес қосты.
Кешті Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек жүргізді. Олар көрермендермен еркін байланыс орнатып қана қоймай, Балқаш көлінің жағалауын таза ұстау мен табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын да еске салды.
Металлургия Балқаштың қалыптасуы мен дамуына тікелей ықпал еткен негізгі салалардың бірі. Сондықтан Металлургтер күні қала үшін кәсіби мерекеден әлдеқайда кең мағынаға ие. Бұл күні өндірісте еңбек етіп жүрген мамандар мен сала ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Мыңдаған адам жиналған мерекелік кеш отшашумен аяқталды. Іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, фестиваль аяқталған соң жағалау аумағын тазарту жұмыстары жүргізілді.