14 қаңтар күні Атырау әуежайында FlyArystan әуе компаниясына тиесілі ұшақ қону кезінде емес, ұшу-қону жолағын босатқаннан кейін рулеж жолымен қозғалу барысында шетке шығып кеткен деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы – Атырау бағыты бойынша FS7202 рейсін орындаған әуе кемесі тұраққа бет алған сәтте төмен жылдамдықпен рулеж жолының шекарасынан асып кеткен.
Ұшақ бортында 166 жолаушы болған. Барлық жолаушы қауіпсіз түрде түсірілді. Оқиға салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ.
FlyArystan өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта әуе компаниясы әуежай қызметтерімен және авиациялық билік өкілдерімен бірлесіп, жағдайдың мән-жайын анықтау үшін тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.