Атырау облысына қарасты Афанасьев ауылындағы медициналық пунктің күзетшісі белгісіз жағдайда мерт болды. 59 жастағы марқұмның денесін балалары электр генераторының маңынан тапқан. Бұл туралы Ozgeris.info сайты КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ол өзі жұмыс істейтін мекеменің ауласындағы арам шөпті шауып жүріп, жантәсілім еткен. Балалары анасының денесін электр генераторының жанынан тауып алыпты. Олар анасын тоқ соққанына сенімді. Ал сараптамада «миына қан құйылған» деп анықтама беріпті.
«Тордың ішінде құлап жатқан, баласы өзі келіп шығарған. «Мынаның шөбін шауып тазала» деген соң, өзіне сөз келмесін деп, барынша істей берейінші деген. Осындай жағдаймен апамыздан айырылдық. Осыдан кейін сараптамаға жібергенде, «миына қан құйылған» дейді. Мен бұл диогназбен келіспеймін. Арқасы неге күйіп кеткен?» - дейді марқұмның інісі Сәрсенбай Кенжеғалиев.
Туыстарының айтуынша, марқұм күзетші болғанымен, жұмыс істеген ғимараттың сыртқы тазалығына да жауапты болған көрінеді. Қаза болардан бірер күн бұрын басшылық комиссия келетінін айтып, ауланы тазартуды тапсырған. Мәйітті тауып алған ұлы «анам қолындағы күрегімен бірге жатты» деп отыр. Айтуынша,жедел жәрдемдегілер әйелдің денесінен күйік ізін көрген.
Марқұмның шауып жүргені жай ғана арам шөп емес, адам бойынан асатын ағаш. Генератор тұрған ауланы да, ішінде де тазалап, шарбағынан лақтырғанын ілініп тұрған бұталардан көруге болады.
Туыстарының айтуынша, дәл сол күні таңертең ауылда жарық өшіп, кері жанған. Денесінің оқиға орында қанша уақыт жатып қалғаны да белгісіз. Медпункттің бейнекамералары да істен шыққан. Мекемеге жауапты бас мейірбике ол маңды тазалауға «тапсырма берілген жоқ» десе, аудандық аурухана басшысы күзетші электр генеторының ауласына өзі кірген деп отыр.
«Кеше де естідім, осындай бұйрық берілген дегенді. Бізден ондай бұйрық шыққан жоқ. Алайда айналаны таза ұстаңыздар, шөптен тазалаңыздар деген аудионы естідім. Сол жақтағы мейірбикенің айтуы бойынша, қандай тапсырма бердіңіздер, неге ол кісі арттағы шөпті шауып жатыр, неге генератор ішіне кіріп отыр, неге трансформатордың ішіне кірді дегенде, «ондай айтылған жоқ» дейді», - дейді Құрманғазы ауданы ауруханасының директоры Саида Зұлқашова.
Марқұмның жақындарының айтуынша, күзетші түнгі уақытта ғана жұмыс істеген: оның ауысымы кешкі сағат 18:00-ден таңғы уақытқа дейін жалғасқан. Оның телефонынан басшылықтың аула аумағын тазалауды тапсырғаны жазылған бірнеше аудиожазба табылған.
Мәйітханада берілген қорытындымен танысқан марқұмның отбасы өлімнің мән-жайы дұрыс көрсетілмей қалуы мүмкін деген күдікке келген. Осыған байланысты олар Құрманғазы ауданының прокуратурасына жүгініп, істің барлық мән-жайын толық әрі әділ тексеруді сұрап, қосымша арыз тапсырған.
Құзырлы органдардың мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қайтыс болу себебін нақтылайтын сот-медициналық сараптаманың қорытындысын алу үшін шамамен бір ай уақыт қажет.