💰 Экономика

Астананы автобуссыз-ақ 258 теңгеге аралап шығуға болады

Кейінгі күндері Астанадағы автобус дауы өршіп жатыр.Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байдильдинов Қазақстанда қоғамдық көлік бағасы нарық талабына сай болуы керек деп, автобус бағасын 500 теңгеге көтеруді ұсынған еді. Бұл пікір жұрт наразылығын тудырмай қоймады. Осы даудың дақпыртымен бас қаланы автобуссыз-ақ су тегін аралауға болатын тетік іздедік, деп жазады Ozgeris.info.  

Әуелгі сөз «әумесер» пікір жайында

 Олжас Байдильдинов Қазақстанда қоғамдық көлік бағасы нарық талабына сай болуы керек деп есептейді-мыс. Оның айтуынша, автобуспен жүрудің нақты өзіндік құны 345 теңгеден кем емес, ал субсидия жүйесі ашық емес әрі тиімділігін жоғалтқан.

«Тасымалдаушылар айтып отыр: шығынсыз билет бағасы кемінде 345 теңге болуы тиіс. Ал оларға үшінші жыл қатарынан субсидия төленбей келеді. Мен мұны бұрыннан айтып жүрмін: бұл саладағы мемлекеттік субсидиялар ашық емес, жемқорлыққа бейім және жолаушылар үшін еш сапа бермейді. Астана мен Алматыда автобус билеті 500 теңге болуы қажет. Тіпті былтыр Алматының өзінде қоғамдық көлікке субсидия ретінде шамамен 200 миллион доллар бөлінді. Ал нәтижесі қандай? Біз сол ақшаның сапаға айналғанын көріп отырмыз ба?», деп жазды Байдильдинов өз Telegram-арнасында.

Пікірінше, қоғамдық көлікте бірыңғай баға жүйесі де әділетсіз.

«Үш аялдама жүрген адам мен бір жарым сағат соңғы аялдамаға дейін барған жолаушының бірдей төлем жасауы – экономикалық тұрғыдан қисынсыз. Бағаны арақашықтыққа қарай бөлу қажет. Субсидияны алып тастап, нарыққа еркіндік беру керек. Ерте ме, кеш пе, бәрібір осыған келеміз», дейді ол.

Байдильдинов сондай-ақ шетел тәжірибесін мысалға келтіріп, былай деп қосты:


«Мысалы, Дели қаласында метро немесе LRT-мен жүру бағасы 20-70 рупия аралығында, бұл шамамен 140-470 теңге. Яғни 500 теңге деген баға халықаралық стандарттармен салыстырғанда соншалықты қымбат емес».

Айта кетейік, қазіргі уақытта Астанада автобус билеті 110 теңге. Сарапшының бұл мәлімдемесі халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, баға өсіп отырған кезеңде айтылып, қоғамда кең талқылау туғызды.

Олжас Байдильдинов бұған дейін де өткір пікірлерімен көзге түскен. 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде ол сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылығын талқылай отырып, «баға 15-20 теңгеге өсті деп даурығудың қажеті жоқ, біз интернетке соның өзінен де көп төлейміз» деп жазған болатын. Сондай-ақ ол наразыларға «жеке көліктерін қойып, қоғамдық көлікке отыруды» ұсынған. Бұл сөзі үлкен резонанс тудырып, кейін көпшілік тарапынан сынға ұшыраған еді.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов пен сарапшы Олжас Байділдинов арасында қоғамдық көліктегі жолақы төңірегінде пікірталас та туды. Депутаттың айтуынша, қоғамдық көлік – табыс көзі емес, халыққа қызмет ететін әлеуметтік құрал. 

«Көлік саны азайса, қаланың байланысы артады. Бұл қызмет көрсету жылдамдығына, еңбек өнімділігіне және өмір сапасына тікелей әсер етеді. Көлік субсидиясы қоғамға пайда әкелетін шығын», дейді Шаталов. 

258 теңгеге қалай жетеміз?

Астана тұрғындары жаңа «Нұрлы Жол» теміржол вокзалынан ескі «Астана-1» вокзалына дейін ең арзан әрі жылдам жолды тапты. Бар болғаны 258 теңге төлеп, пойызбен 25 минутта жетуге болады екен. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде тез тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті.

Пайдаланушы @yerlansakenov Threads әлеуметтік желісінде өз лайфхагын бөлісіп, көптеген тұрғындардың назарын аударды:

«Бүкіл жол бар болғаны 25 минут. Бағасы – 258 теңге. Бір ғана нюанс бар – арзан рейс тек таңғы 06:05-те жүреді. Қалған пойыздар қымбат, себебі плацкарт немесе купе. Бірақ 285 теңгеге кептеліссіз, бір шеттен екінші шетке жетесіз», деп жазған ол.

Сөйтіп, таңғы электричка қаладағы екі вокзалды байланыстырып, тұрғындарға автобустан да, таксиден де тиімді балама болып отыр. Пойызға мінсеңіз, кептеліс жоқ, орын бар, әрі жол бойы тыныш әрі таза ортада отырасыз. Мұндай мүмкіндік әсіресе жұмысына ерте шығатын жолаушылар үшін пайдалы болып шыққан.

Арзан билет тек 06:05-тегі пойызға қолданылады. Ерте уақыт болса да, идея көпшілікке ұнаған. Көп адам таңертеңгі рейсті пайдаланып үлгерсе, жұмысқа дер кезінде жетіп, жолақысын үнемдей алады.

Кейбір қолданушылар әзілдеп:
«Сағат 6-да автобустар да кептеліссіз жүреді ғой, 110 теңгеге-ақ жетуге болады», деп жазған.

Бірақ басқа тұрғындар бұл бастаманың өте пайдалы екенін айтып отыр:

«Осы сияқты пойыздар көбейсе ғой. Автобуста ауысып міну қиын. Ал мынадай тікелей бағыттар адамдарға өте ыңғайлы», дейді олар.

Тағы біреулер жаңалықты қуана қабылдап:

«Рақмет! Енді ата-анама жиі барып тұрам. Балалармен ерте пойызға мінемін – әрі арзан, әрі қызық», деп пікір қалдырған.

Тіпті кейбір астаналықтар мұны шағын «саяхатқа» балап, қаланың көрінісін терезеден тамашалау үшін мінетін болған:

«Көңілім түскенде пойызға мініп, 25 минут терезеге қарап отырам. Романтика!», деп жазған қала тұрғыны.

15 қазан күнгі мәліметке сүйенсек, жаңа вокзалдан ескі вокзалға дейінгі такси бағасы былай қалыптасқан:
    •    Indrive – шамамен 2600 теңге,
    •    Yandex Go – 4080 теңге шамасында.

Осылайша, пойызбен жүру таксиге қарағанда шамамен 10 есе арзан, яғни 90 пайыз үнемдей аласыз.

Бұдан бөлек, пойызда кептеліс жоқ, уақыт дәл сақталады және жол бойы жайлы атмосфера сақталады. Сондықтан таңғы электричка – тек арзан көлік емес, қаланың тығыз қозғалыс жағдайында тиімді балама.

 

Барлық жаңалық