Астанада әуе таксиі таныстырылды: ұйымдастырушылар аппараттың қалай ұшатынын көрсетіп, оның ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Журналистерге тік ұшып-қонатын электрлі әуе кемесінің – eVTOL-дың мүмкіндіктері таныстырылды.
Таныстыру кезінде атап өтілгендей, бұл аппарат бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған.
Alatau City қалалық аэротакси жобасы өкілдерінің мәліметінше, тік ұшып-қонатын AutoFlight Prosperity электрлі әуе көлігі (eVTOL) сағатына 200 км-ге дейін жылдамдықпен ұшып, 200 км-ге дейінгі қашықтықты еңсере алады.
«Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қалалық әуе мобильділігін енгізудің құқықтық және инфрақұрылымдық негізін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемелерін (eVTOL), вертипорттарды және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйелерін реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, жаңа технологияларды елдің көлік жүйесіне қауіпсіз енгізуге қажетті жағдайлар жасалып жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.