Спорт

Астана әлемдік киберспорт картасында: Games of the Future Қазақстанға не береді?

Астана әлемдік киберспорт картасында: Games of the Future Қазақстанға не береді?

Биыл Астана әлемдік киберспорттың маңызды орталықтарының біріне айналмақ. 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елордада халықаралық Games of the Future 2026 («Болашақ ойындары») өтеді. Турнирге 50-ден астам елден 800-ден астам спортшы келеді, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.

Бұл жарыс дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіретін әлемдегі ең ірі «phygital» форматтағы дода саналады. Dota 2 турнирі – ойындардың басты оқиғаларының бірі. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары. Бұл – Dota 2 маусымындағы ең қомақты коммерциялық турнирлердің бірі.  

Әлемнің үздік 16 командасы келеді  

Ұйымдастырушылар Dota 2 турниріне әлемнің әр өңірінен 16 кәсіби команданы шақырды. Қатысушылар қатарында:

  • Xtreme Gaming (Қытай)
  • LGD Gaming (Қытай) 
  • Vici Gaming (Қытай) 
  • Execration (Филиппин) 
  • Rune Eaters Esports (Қазақстан құрамындағы ойыншылар бар ұйым) 
  • Yakult Brothers 
  • Midas Club 
  • Team Resilience 
  • L1GA Team 
  • PlayTime 
  • Enjoy 
  • GLYPH 
  • REKONIX 
  • Amaru Gaming және басқа да халықаралықұжымдар бар. 

Командалар Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Латын Америкасы және ТМД өңірлерінен келеді. Бұлтурнирде бірнеше әлем чемпионатыныңжүлдегерлері мен The International турнирінетұрақты қатысып жүрген ойыншылар өнеркөрсетеді.  

Қазақстанның намысын Rune Eaters қорғай ма?  

Иә, Rune Eaters турнирге шақырылғанкомандалардың қатарында. Бұл ұйымның қазіргі құрамында Қазақстаннан шыққан бірнеше танымал ойыншы бар. Қазақстан намысын турнирде еліміздің жетекші Dota 2 командаларының бірі Rune Eaters қорғайды. Команда құрамында Даниял Әлібай (xsvampire), Әбдімәлік Сайлау (Malik), Әлім Беспаев (aik), Айбек Тоқаев (naive-) және Никита Остахов (Nicky`Cool) өнер көрсетеді. Астанада қазақстандық команда жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен әлемнің мықты ұжымдарына қарсы ойнайды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланды.  

Dota 2 ғана емес  

«Games of the Future» бірнеше бағыттықамтиды. Бағдарламада: * Dota 2 * PUBG Battlegrounds * Counter-Strike (Phygital Shooter) * Mobile Legends: Bang Bang * UFL негізіндегі Phygital Football * Phygital Basketball * Just Dance * Phygital Fighting (Fatal Fury) жарыстары өтеді.

Яғни көрермендер тек компьютер алдында өтетін матчтарды емес, цифрлық ойын мен нақты спортты біріктіретін ерекше форматтарды тамашалай алады.Жарыстар төрт түрлі аренада өтеді.

Атап айтар болсақ, киберспортшылар «Qazaqstan» спорт кешені, Beeline Arena теннис орталығы, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және «Барыс Аренада» бағы мен бабын безбенге салады.  

Қандай жұлдыздар келеді?  

Ұйымдастырушылар әзірге арнайы шоу-бизнеснемесе спорт жұлдыздарының толық тізімінжариялаған жоқ. Алайда турнирге әлемдік деңгейдегі Dota 2 командаларының танымал ойыншылары, Counter-Strike және Mobile Legends сахнасының кәсіби киберспортшылары келеді. Сондай-ақ халықаралықстримерлер мен киберспорт комментаторларыныңқатысуы күтіледі. Қатысушылардың нақты тізіміжарыс басталар алдында толық жарияланады. Team Spirit, Na’Vi, PSG.quest командаларының жұлдыздары, «Dosia», «mou», «neaLan» лақапаттарымен танымал жұлдыздар да бұл жарыс бой көрсетеді.  

Қазақстан үшін қандай пайдасы бар?  

Бұл турнирдің маңызы тек спортпеншектелмейді. Біріншіден, Қазақстан өзін халықаралық киберспорт орталығы ретінде танытады. Бұған дейін мұндай деңгейдегі жарыстар негізінен АҚШ, Германия, Сауд Арабиясы немесе Қытайда өткен. Екіншіден, туризм дамиды. Мыңдаған жанкүйер, командалар, ұйымдастырушылар мен БАҚ өкілдері Астанаға келеді. Үшіншіден, еліміздің IT және ойын индустриясына инвестициялық қызығушылық артуы мүмкін. Games of the Future технология, жасанды интеллект, цифрлық шешімдер және инновациялық компаниялар үшін де үлкен алаңға айналып отыр. Төртіншіден, қазақстандық жастар әлемнің үздік киберспортшыларын өз елінде көріп, кәсіби деңгейдегі турнир атмосферасын сезіне алады. Бұл жаңа буын ойыншылардыңқалыптасуына әсер етеді.

Киберспорт жанкүйерлерінің бірі Ұзақ Серіков былай дейді:

"Мен бала күнімнен киберспортқа жақынмын. Қандай ойын ойнасам да, тез меңгеремін. Десе де, бала күнімізде біздің менталитет басқаша болды. Көзің ауырады, сабақ оқы деген нәрселер бізге кедергі болды. Бүгінгі таңда FС26, CS2 ойындарын жиі ойнаймын. Елордада өткен PGL Astana турнирлеріне тұрақты түрде бардым. Мұндай ойындардың елімізде өтуі имиджді көтеруге жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Себебі ғаламторға телмірген жастардың назары Қазақстанда болса, біз одан ұтылмаймыз". 

Dota 2 ойынын кәсіби түрде ойнайтын киберспортшы Бауыржан Тұяқпаев болашақ ойындарын асыға күтемін дейді.

"Әлемдік жарыстарды үнемі интернеттен тікелей эфирде тамашалап отырамын. Сүйікті спортшыларым да жоқ емес. Dota 2 ойынын әлемдегі ең үздік туынды деп есептеймін. Бұл жерде бәрі бар. Адамның ойлау қабілеті, интеллектуалды дамуы бәрі артады. Турнирді өз көзіммен көру үшін осы кезге арнайы еңбек демалысын да алдым. Осы жарыстың біздің елде өтетініне қуаныштымын. 2-5 тамыз аралығында мені іздемеңіздер, мен жекпе-жек сарайында боламын", - дейді Бауыржан Тұяқпаев.  

Dota 2 неге ерекше?  

Dota 2 – әлемдегі ең танымал киберспортойындарының бірі. Ойынның әлем чемпионаты – The International – ондаған миллион долларлық жүлде қорымен танымал. Сондықтан Астанадаөтетін 1 миллион долларлық турнир кәсібикомандалар үшін маусымдағы маңыздыжарыстардың бірі саналады. Dota 2 - дербес компьютерге арналған MOBA (Multiplayer Online Battle Arena) жанрындағы командалық стратегиялық ойын. Әр матчта бес ойыншыдан құралған екі команда виртуалды алаңда өзара бақ сынайды. Жеңіске жету үшін ойыншылар қарсыластың негізгі базасын жойып, өз базасын қорғауы тиіс. Бұл ойын стратегиялық ойлау қабілетін, үйлесімді командалық жұмысты және жедел шешім қабылдауды талап етеді.        

Киберспорттың болашағы зор  

Games of the Future 2026 Қазақстан үшін жай ғана халықаралық турнир емес. Бұл – елдің цифрлық технологиялар мен киберспорттағы мүмкіндігін әлемге көрсетуге берілген мүмкіндік. Аталған жарыстың Астанада өтуі Қазақстанды әлемдік киберспорт картасына тағы бір мәрте шығарып, жергілікті жанкүйерлерге өз елінде миллион долларлық дода мен әлемнің үздік командаларының ойынын тамашалау мүмкіндігін береді. Ғылыми техникалық революцияның шарықтау шегіне жеткен заманында киберспорттың маңызы зор. Сондықтан да елімізді киберспортшыларды қолдап, осындай жарыстарды жиі өткізу керек.

Барлық жаңалық