Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың рақымшылықпен мерзімінен бұрын босатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, рақымшылық мәселесі жәбірленуші тараптың қатысуынсыз қаралған. Айтбек Амангелді Байжановтың өтініші бойынша өткен сот отырысы туралы өзіне ешқандай хабар берілмегенін айтып, қабылданған шешімге және оған негіз болған заңға наразылығын жеткізді.
Сонымен қатар ол рақымшылықтың адамның кінәсін жоймайтынын атап өтті.
«Амнистия – адамның кінәсіз екенін білдірмейді. Ол сот үкімінің күшін жоймайды, сотталған адамды ақтамайды және сот анықтаған кінәні жоққа шығармайды. Байжанов бәрібір алты жыл бойы пробациялық бақылауда болатын сотталған адам болып қала береді», – деп жазды Айтбек Амангелді Instagram желісіндегі сторисінде.
Еске салайық, Бақытжан Байжанов – бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Кейін оның жаза мерзімі екі рет қысқартылды. Алғаш рет Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында мерзімі қысқарса, енді «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негізінде бостандыққа шығатын болды.
Заңға сәйкес, Бақытжан Байжанов босап шыққаннан кейін алты жыл бойы пробациялық бақылауда болады.