Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және прокуратура қызметкерлері бірлесіп арнайы операция өткізді. Оның нәтижесінде адам саудасымен айналысқан тұрақты қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді деп хабарлайды ozgeris.info сайты polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтері бойынша, бұл топ интернет желісін пайдаланып, заңсыз қызметтерді жарнамалап отырған. Қылмыстық құрылым нақты ұйымдастырылып, күн сайын 1,5 миллион теңгеге дейін табыс тапқан. 2024 жылдың басынан бері бұл топтың қаржы айналымы 1,7 миллиард теңгеден асқан.
Операция барысында құқық қорғау органдары күдіктілерден ірі көлемдегі қолма-қол қаражатты, банк карталарын, автокөліктер мен цифрлық құрылғыларды тәркіледі. Ұсталғандардың қатарында негізгі ұйымдастырушылар мен олардың серіктестері бар. Қазіргі таңда олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің адам саудасы мен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілерге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін.