Бүгін елордадағы А-108 көшесінде орналасқан қоғамдық көлік аялдамасынан ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылған.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медицина қызметкерлері ер адамның биологиялық өлімін тіркеген.
– Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен кезде азаматтың биологиялық өлімі анықталды. Қазіргі уақытта болған жайттың мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды, – деп хабарлады басқармадан.
Астана қалалық полиция департаменті марқұмның жеке басы анықталғанын мәлімдеді.
"Аялдамадан табылған ер адамның 66 жаста екені белгілі болды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды", – делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Полиция мәліметінше, аталған жағдай көктайғақпен байланысты емес.
Қазіргі таңда уәкілетті органдар оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.