Ақтөбе облысында қауіпті мұнай қалдықтарын тиісті лицензиясыз қайта өңдеген кәсіпорын басшысына сот үкімі шықты. Заңсыз қызмет нәтижесінде серіктестік 393 млн теңге табыс тапқан,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, «ЖАН-АМИ и К» ЖШС 2024–2025 жылдары мемлекеттік лицензиясыз 1 400 тоннадан астам қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдеген.
Аталған дерек бойынша прокуратура материалдарының негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, оны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген.
17 тамызда Ақтөбе қаласының №2 соты серіктестік директорын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Алайда «Рақымшылық туралы» заң негізінде сотталған адам негізгі жазадан босатылды.
Сонымен қатар заңсыз алынған 393 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді. Сот үкімі апелляциялық сатыда өзгеріссіз қалып, заңды күшіне енді.