Жаңалықтар

Ақтауда көпқабатты үйден өрт шығып, бір адам ауруханаға түсті

Ақтауда көпқабатты үйден өрт шығып, бір адам ауруханаға түсті

Ақтауда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде шыққан өрт салдарынан бір адам зардап шегіп, медициналық мекемеге жеткізілді, деп хабарлайды  Ozgeris.info сайты. 

Lada.kz мәліметінше, оқиға 19 сәуір күні сағат 16:27-де 19а шағын ауданындағы №17 тоғыз қабатты тұрғын үйде болған. Өрт алтыншы қабаттағы пәтер балконынан тұтанған.

Алдын ала ақпарат бойынша, жалын пәтер ішіндегі заттарға тарап, шамамен 10 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер өртті сағат 16:53-те толық ауыздықтады.

Төтенше жағдай қызметкерлері түтінге улана бастаған бір тұрғынды қауіпсіз жерге шығарып, облыстық ауруханаға жеткізген.

Қазір оның жағдайын дәрігерлер бақылап отыр.

Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.

Құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті.

Барлық жаңалық