Ақмола облысы

Ақмола облысында әке мен бала өртеніп жатқан үйден бірнеше адамды алып шықты

Ақмола облысында әке мен бала өртеніп жатқан үйден бірнеше адамды алып шықты

Ақмола облысының Біржан Сал ауданына қарасты Үлгі ауылында әке мен баланың ерлігі елді сүйсінтті. Олар өртеніп жатқан үйден үш бірдей баланы аман алып шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.

 

Телеарна мәліметінше, өрт көпбалалы ана Юлия Черкасскаяның үйінде шыққан. Өрт тұтанған сәтте үйдің ішінде бес кәмелетке толмаған бала болған. Олардың екеуі өз күштерімен сыртқа шыққан, ал үшеуі үйдің ішінде қалып қойған.Дәл осы сәтте көмекке ауыл тұрғыны Ерлан Тоқсанбаев пен оның ұлы Мирас жетіп, балаларды өрт ішінен құтқарып қалды. Айта кетейік, Мирас болашақ құтқарушы, ол колледжде тиісті мамандық бойынша оқып жүр.

 

«Мен алдымен газ баллонды сыртқа шығардым, содан кейін электр кабелін ажыраттым. Қолымда тырма бар еді, сол арқылы есептегішті өшірдім. Содан соң артқы бөлменің терезесін сындырдық. Бір бала шығып: “Іште ешкім жоқ” деді. Мен айқайлап: “Міне, осында!” дедім. Содан үшеуін терезеден біртіндеп шығарып алдық», – деді Ерлан Токсанбаев.

 

Біраз минуттан кейін үйдің ішінде қалған басқа газ баллондары жарылып, от күшейіп кеткен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды дер кезінде ауыздықтады.Өрттің шығу себебі анықталды қысқа тұйықталу салдарынан болған. Құтқарушылардың айтуынша, Тоқсанбаевтардың батылдығының арқасында ешкім зардап шеккен жоқ.

 

«Ерланның әрекеті нағыз ерлік. Ол өз өмірін қатерге тігіп, балаларды аман алып қалды. Мұндай жағдайлар жиі кездескенімен, әрқашан дәл осылай батылдық танытып үлгеру мүмкін бола бермейді», – деді Біржан Сал ауданының ТЖ бөлімінің басшысы Денис Шелкоплясов.

 

Өрт кезінде Мирас та үлкен жауапкершілік танытқан.

«Оқиға орнына келгенде бір қыз терезені қағып, ішінде балалар бар екенін айтты. Мен терезені бұзып, үйге кірдім. Барлық бала бір бөлмеде отырған екен. Сыртқа шыққанымда әкем бір қызды алып шықты, ал қалған екеуін маған берді», – дейді Мирас Токсанбаев.

 

Балалардың анасы Юлия Черкасская батырларға алғысын білдірді:

«Балаларымды өрттен алып шыққан адамға шексіз ризамын. Құдайға шүкір, бәрі жақсы аяқталды. Әрине, қорқыныш болды, бірақ қазір бәрі тынышталды. Балалар тез ұмытады ғой», – дейді ол.

 

Қазір Черкасская отбасы материалдық көмек алып жатыр, сондай-ақ жаңа баспана алу мәселесі шешілуде.Әке мен баланың батылдығы ескерусіз қалмайды Ерлан мен Мирас Токсанбаевтар мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Барлық жаңалық