«Жаңа адамдар» қозғалысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы мен «Қауіпсіз Қазақстан» акциясы аясында жаңа әлеуметтік бастаманы жүзеге асыра бастады, деп жазады Ozgeris.info.
Жоба қоғамда қауіпсіздік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әрі мыңдаған әйелге қатысты өзекті мәселені көтереді.
Алматы көшелерінде арнайы безендірілген 7 көлік «Қауіпсіз әйелдер таксиі» ретінде қатынай бастады. Ерекшелігі – жүргізуші де, жолаушы да тек әйелдер болады. Қызмет 1 қыркүйекке дейін Алматы қаласы мен Қаскелең мен Бесағаш аудандарында тегін көрсетіледі.
Жолаушылар сапар барысында, егер қаласа, харассментке ұшырағаны немесе өзін қауіпсіз сезінбегені туралы жеке оқиғаларымен бөлісе алады. Әр көлікте жолаушының келісімімен құпиялылық сақтала отырып, аудио, бейнетүсірілім жасалады. Бұл материалдар жобаға тиесілі YouTube арнасында жарияланып, көрермендер шынайы оқиғаларды тыңдап, заңгерлер мен психологтардың кеңестерін, сондай-ақ бастаманы қолдайтын танымал тұлғалардың пікірлерін көре алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты әрбір әйел өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру. Бастама харассментке нөлдік төзімділік қағидатын орнықтырып, жеке шекараны құрметтейтін қоғамдық мәдениетті дамытуға бағытталған.