Түркістан облысы, Алғабас ауылында 12 адамның қаза тапқан өрттің басты себебін анықталды,деп хабарлайды Оzgeris.info.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Терегелдиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында оқиғаға қатысты сараптамалар жүргізілгенін айтты.
«Қажетті сараптамалар тағайындалды, оның ішінде электротехникалық және өрт-техникалық зерттеулер бар. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің сынақ және зертханалық қызметі жұмыс істеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығуына себеп – істен шыққан электр ұзарғышы. Дегенмен барлық сараптамалардың қорытындысын күтіп, нәтижесіне сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі», – деді Ерлан Терегелдиев.
Ол сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы датчиктерді орнатудың маңызды екенін атап өтті. Кейбір датчиктер тек түтінге әсер етеді, ал басқалары көміртек газын анықтап, қауіпті алдын ала сигнал береді. Биыл осындай 13 құрылғы іске қосылып, 36 адамның өмірін сақтап қалған.
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы әсіресе пешпен немесе газ жабдықтарымен жылытылатын үйлерде тұратын азаматтарға қауіпсіздік датчиктерін міндетті түрде орнатуға кеңес берді.
«Ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үйлер автономды оптика-электрондық түтін өрт дабыл құрылғыларымен жабдықталуы тиіс. Бұл датчиктердің бағасы шамамен 2,5 мың теңге, бірақ негізгі мақсаты – адамның өмірін сақтау. Қарапайым құрылғы кез келген өрттің алдын алады. Көміртек тотығы газына арналған датчик үш батареямен жұмыс істейді. Газдың қауіпті концентрациясы анықталған жағдайда дабыл естіледі. Дабылдың дыбысы қатты, тіпті терең ұйқыдағы адамды оятады», – деп толықтырды Ерлан Терегелдиев.