Алматыда Әл-Фараби даңғылында қауіпті маневр жасап жарысқан жүргізушілер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Әлеуметтік желіде бір топ жүргізушінің Әл-Фараби даңғылында қарсы бетке шығып, жол ережесін өрескел бұзған видеосы тарады.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың сөзінше тәртіп сақшылары бейнежазбадағы барлық қатысушыны анықтап ұстаған. Оларға қауіпті маневр жасағаны, қарсы бетке шыққаны, апатты жағдай тудырғаны, рөлде телефон қарағаны және қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін шара қолданылды.
«Мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді, сондықтан әрбір заңбұзушылыққа құқықтық баға беріліп кінәлілер міндетті түрде жазаланады», – деді полиция өкілі.
Еске сала кетейік 21 наурызда дәл осы Әл-Фараби даңғылында Zeekr мен Mercedes көліктері соғысып, үш адам оқиға орнында көз жұмған болатын. Бұл апат Zeekr жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып кетуінен болды, осыдан кейін көптеген полиция қызметкері жұмыстан қуылып, қалада көлік қозғалысына бақылау күшейтілген еді.