💰 Экономика

30 млн тұратын пәтер алу үшін қанша табыс қажет?

30 млн тұратын пәтер алу үшін қанша табыс қажет?

Елімізде тұрғын үй бағасының өсуі мен несие шарттарының қатаюы қарапайым азамат үшін баспана алуды күрделендіріп отыр. Әсіресе екінші нарықтан 30 млн теңге шамасындағы пәтер алу үшін қажетті табыс деңгейі көпшіліктің қалтасына салмақ салары анық. Сарапшылар мұндай пәтерге қол жеткізу үшін ай сайынғы ресми табыс кемінде 1 млн теңгеге жуық болуы керектігін айтады, деп сараптайды Оzgeris.info

Банктердің талаптарына назар аударсақ, қарыз алушының төлем қабілеті басты өлшем саналады. Ең алдымен ресми жалақы болуы, одан зейнетақы жарналары тұрақты аударылуы және соңғы жұмыс орнында кемінде 6 ай еңбек өтілі болуы қажет. Бұдан бөлек, ай сайынғы ипотека төлемі табыстың жартысынан аспауға тиіс. Бұл талап банктердің тәуекелді азайтуға бағытталғанымен, орташа табысы бар азаматтардың мүмкіндігін шектейді.

Мәселен, ай сайынғы төлем 480 мың теңге болған жағдайда, қарыз алушының табысы кемінде 960 мың теңге болуы қажет. Егер қосымша несиелері болса, бұл шек одан әрі өседі. Айталық, тағы 120 мың теңге көлемінде басқа несие төлемі болса, жалпы табыс 1,2 млн теңгеден кем болмауы керек. Бұл – елдегі орташа жалақы деңгейімен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.

Екінші деңгейлі банктерде ипотека алу үшін бастапқы жарна 20–30% аралығында белгіленген. Яғни 30 млн теңгелік пәтер үшін кемінде 6–9 млн теңге көлемінде қаражат қажет. Бұл да көпшілік үшін оңай жиналатын сома емес. Ал несие мерзімі қысқа болған сайын ай сайынғы төлем өсіп, табысқа қойылатын талап та күшейе түседі.

Ал Отбасы банк ұсынатын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі біршама жеңілдеу көрінгенімен, мұнда бастапқы жарна кемінде 50% болуы шарт. Яғни 15 млн теңгені алдын ала жинау қажет. Есесіне пайыздық мөлшерлеме төмен – 4%-ға дейін. Алайда бұл жүйе уақытты талап етеді: тиімді мөлшерлемеге қол жеткізу үшін бірнеше жыл бойы қаражат жинау керек.

Мұндай жағдайда табысы жеткіліксіз азаматтар үшін балама жолдар қарастырылған. Банктер қосымша табыс көздерін де есепке алуы мүмкін. Фриланс, жалға берілетін мүлік немесе бизнес табысы расталған жағдайда, қарыз алушының төлем қабілеті жоғары деп бағаланады. Сонымен қатар кепілгер тарту немесе қосымша кепіл мүлік ұсыну да ипотека алуға мүмкіндік береді.

Соңғы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қызығушылық артып отыр. Соның бірі – «Наурыз» бағдарламасы. Бұл жоба аясында бастапқы жарна 10%-дан басталады, ал ай сайынғы төлем шамамен 333 мың теңгені құрайды. Уақыт өте келе төлем мөлшері азаяды. Мұндай шарттар нарықтағы стандартты ипотекамен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді.

Жалпы алғанда, қазіргі жағдайда ипотека алу табысы жоғары немесе жинағы бар азаматтарға көбірек қолжетімді. Ал орташа табысы бар тұрғындар үшін бұл ұзақ мерзімді жоспар мен қатаң қаржылық тәртіпті талап ететін күрделі шешім. Сондықтан баспана мәселесін шешуде тек нарықтық тетіктерге емес, қолжетімді қаржыландыру құралдарын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызы арта түспек.

Барлық жаңалық