Украина президенті Владимир Зеленский алдағы сайлауды өткізуден бас тартты. Оның айтуынша, дәл қазір елде халықтың басын сайлаумен қатыратын уақыт емес.
Зеленскийдің сөзінше, қазір елде «сайлау өткізетін кез емес” бұл мәселені қоғам талқысына шығарудың өзі жауапсыздық.
«Біз бәріміз түсінеміз, қазір соғыс уақыты. Көптеген қиындықтар тұрған кезде сайлау тақырыбын қоғамға шығару мүлдем жауапсыздық. Бұл тек Ресейге ғана тиімді», — деді Зеленский.
Оның сөзінше, қазір елге бірлік керек.
«Мемлекетімізде Украинаға қарсы бөтеннің ойындары мен конфликтілерге орын қалдырмау үшін қоғамға қажетті барлық жауапты беріп, нүктесін қоятын құрылымдар бар», — деп мәлімдеді ол.
Бұған дейін Украина президентінің келесі сайлауы 2024 жылдың наурыз айында өтеді деген ақпарат тараған. Мәселен, халық депутаты Алексей Гончаренко Зеленский сайлауды 2024 жылдың 31 наурызында өткізуді мақұлдағанын айтқан еді.
Айта кетсек, Украинада президент бес жылға сайланады. Зеленский 2019 жылы елдегі ең жоғары лауазымға келді. Сәйкесінше, қайта сайлау 2024 жылы өтуі керек.
Алайда Украина Конституциясында соғыс жағдайында сайлау өткізуге тыйым салынғаны туралы айтылған. Зеленский бұл режимді үш айға ұзартуды тағы да ұсынды.
ПІКІР ЖАЗУ