Жаңалықтар

Жетісудағы алаяқтық ісі: 67 млн теңге жымқырған топ сот алдында

Жетісудағы алаяқтық ісі: 67 млн теңге жымқырған топ сот алдында

Жетісу облысында ондаған азаматты алдап, 67 миллион теңге шығын келтірген алаяқтық ісі бойынша тергеу аяқталып, іс прокуратура үйлестіруімен сотқа жолданды. Күдіктілердің бірі — Абай қаласының 19 жастағы тұрғыны, ол ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі болған деп хабарлайды ozgeris.info сайты azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап. 

Алаяқтар арнайы кеңсе жалдап, онда компьютерлер мен SIM-карталар арқылы жалған call-орталық құрған. Қызметкерлер өзін банк, мобильді оператор не мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды зиянды қосымша орнатуға көндірген. Сол арқылы телефондарға қашықтан кіріп, иелерінің атына онлайн несие рәсімдеп, қаржыны өз шоттарына аударып отырған.

Қылмыстық схеманың бір бөлігі — ұрланған ақшаны қолма-қол шешіп алатын топ болған. Telegram арқылы банк шоттарын сатып алып, сол арқылы қаражатты айналымға енгізген. Күдікті дәл осы топ құрамында болған.

2023 жылы бір азаматтың атына 20 млн теңгеден астам несие рәсімделген. Алаяқтық 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың маусымына дейін жалғасқан.

Күдіктіге ақпараттық жүйені пайдаланып, алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде алаяқтық жасау бабы бойынша айып тағылды. Қылмыстық топтың өзге мүшелеріне қатысты тергеу жалғасуда.

Барлық жаңалық