Қоғам

«Ұлымнан айырылып қаламын деп қорықтым»: Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған әке оқиғаның мән-жайын түсіндірді

«Ұлымнан айырылып қаламын деп қорықтым»: Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған әке оқиғаның мән-жайын түсіндірді

Ер адам дәрігерге қатысты әрекетін баласының еміне байланысты туындаған келіспеушіліктермен байланыстырды.

Ақтау қаласының тұрғыны Шаншархан Абдухалим облыстық балалар ауруханасында дәрігерге шабуыл жасауына қатысты өз нұсқасын жариялады. Ер адамның айтуынша, бұған дейін ұлына тиісті медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар қиындыққа тап болған.

Оқиға 19 қазанда басталған. Сол күні баланың дене қызуы 39 градусқа жуықтап, іші қатты ауырған. Жедел жәрдем қызметі оны жедел аппендицитке күдікпен ауруханаға жеткізген.

Әкесінің айтуынша, қабылдау бөлімінде қажетті тексерулерден өту үшін біраз уақыт күтуге тура келген.

«Дәрігерлер алғашқы тексеру мен зерттеуді ұзақ уақыт жүргізбеді. Алғашқы талдауда лейкоциттер деңгейі 21,5–22 шамасында болды. Соған қарамастан, кешке қарай бізді үйге жіберуге тырысты. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болып, кешкі сағат 11-ге қарай қайта талдау жасатуға қол жеткіздім. Нәтиже ағзада күшті қабыну процесі бар екенін тағы растады. Тек содан кейін ғана баламды ауруханаға жатқызды. Келесі күні басқа хирург баланы қарап, шұғыл түрде ота жасауға жіберді. Операция сәтті өтті», – дейді ер адам.

31 қазанда баланың іші қайтадан ауырған. Осыған байланысты Абдухалим ұлын облыстық балалар ауруханасына қайта апарған. Сол жерде ол алғашқы қабылдау кезінде өзіне наразылық тудырған хирургпен кездескен.

Ер адамның айтуынша, дәрігер оны күліп қарсы алған. Әкесі мұны баласын тексеруден бас тартуға дайындық ретінде қабылдаған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындаған.

Өңірлік полиция департаменті болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

 
 
Барлық жаңалық