📰 Сарапшылар пікірі

Үкімет пен Ұлттық банк неге әр түрлі сөйлейді?

«Ашық алаң» бағдарламасында сарапшылар мен шенеуніктер елдегі ең өзекті сұрақтардың бірін талқылады. Ол сауал «Неге Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны әртүрлі болжайды?», деп жазады Ozgeris.info  «Қаржылық сауат» телеграм-арнасына сілтеме жасап. 

Бірі «6-9 пайыздан аспайды» десе, екіншісі «9-12 пайыздың аралығында» дейді. Сенат депутаты Амангелді Нұғманов бұл айырмашылықты «бір пұшпақты бірге илемеу» деп сипаттады.

Сол кезде экономист Бауыржан Мұқанов сөз алып, екі мемлекеттік органның ұстанымын қарапайым мысалмен түсіндіріп берді.

«Үкімет пен Ұлттық банктің бағыты ешқашан бір болмаған, әсіресе соңғы жылдары. Неге десеңіз, Үкіметтің мақсаты экономикаға көбірек ақша енгізу, яғни адамдардың табысын арттыру. Ал Ұлттық банк сол ақшаға не сатып алуға болатынын, яғни оның нақты құнын бақылайды. Сондықтан екеуінің көзқарасы түбегейлі бөлек», деді сарапшы.

Ол бұл айырмашылықты мысалмен жалғады. Үкімет 100 мың теңге жұмсады дейді. Ал Ұлттық банк «былтыр осы ақшаға 25 келі ет алынса, биыл сол сомаға 20 келі ғана алынады» деп түсіндіреді. Демек, теңгенің құны төмендеді. Сондықтан екеуінің сөзі ешқашан қабыспайды. Үкімет үшін маңыздысы – халық көбірек ақша жұмсасын, экономика қозғалыста болсын. Ал Ұлттық банк үшін ақша емес, оның сатып алу қабілеті маңызды.

Сарапшының айтуынша, бұл қайшылық табиғи құбылыс.

«Бірі халыққа ақша берсе, екіншісі сол ақшаның инфляцияға әсерін тежейді. Сондықтан олар ешқашан бір бағытта жүре алмайды», деді ол.

 

Бағдарламада базалық мөлшерлеменің 18 пайызға дейін өсуі де сөз болды. Ұлттық банктің өкілі Рүстем Оразалин бұл шешімнің оңай болмағанын айтты.

«Тамыз бен қыркүйектегі баға өсуі күткеннен де жоғары болды. Сол себепті мөлшерлемені көтеруге тура келді. Бұл, әрине, халыққа да, бизнеске де ауыр. Бірақ тұтынуды азайтып, қор жинауға ынталандырады. Инфляцияны тежеудің бұл тәсілі әлемде қолданылатын классикалық әдіс», деді ол.

Бауыржан Мұқанов бұған қатысты ойын ашық жеткізді:

«Мен бұны экономиканы шокпен емдеу деп қабылдаймын. Базалық мөлшерлемені көтеру шокотерапия. Біз қазір экономика 10 пайызға өсті деп қуанамыз. Бірақ егер азық-түлік 30 пайызға қымбаттаса, ондай өсімнің пайдасы бар ма? Маған баяу, бірақ тұрақты өсім ұнайды. Мысалы, Еуропада экономика 2-3 пайыз өссе де, баға тұрақты. Біз керісінше ойлаймыз, несие арзандасын, ал баға өссе де несиеге ала саламыздейміз. Бірақ басты мәселе – несие емес, азық-түліктің қымбаттауы. Несиенің қымбаттауы проблема емес, ал қымбатшылық – нағыз қауіп», деді сарапшы.

Осы пікірталас көрсеткендей, Үкімет пен Ұлттық банк бір елде жұмыс істесе де, мақсаттары бөлек. Бірі – халыққа ақша таратып, экономиканы айналымда ұстауға тырысады. Екіншісі – сол ақшаның құнын сақтап қалуды көздейді.

Барлық жаңалық