💰 Экономика

Үй нарығындағы жасырын мәселе: риелторлар саласына неге өзгеріс керек?

Үй нарығындағы жасырын мәселе: риелторлар саласына неге өзгеріс керек?

Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығы соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған белсенді кезеңге өтті. PANA ұлттық риелторлар палатасы ұсынған талдамалық деректер осы өсімнің сыртқы көрінісі тұрақты болғанымен, саланың ішінде шешілмеген түйткілдер жиналып қалғанын көрсетеді, деп жазады Ozgeris.info.

2025 жылдың қорытындысы бұл мәселені ашық талқылайтын уақыт келгенін аңғартты. Бір ғана желтоқсан айында ел көлемінде 53 128 сатып алу сату мәмілесі тіркелген. Ал жыл бойындағы жалпы мәміле саны 448 мыңнан асып, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды. Тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен инфляцияға қарамастан, нарықтағы қозғалыс бәсеңдеген жоқ. Алайда статистикадағы белсенділік нарық толық реттелген дегенді білдірмейді. Кәсіби қауымдастықтың бағалауынша, риелторлық қызметтің шамамен 70 пайызы әлі күнге дейін көлеңкелі сегментте қалып отыр. Яғни, айналымы жүздеген миллиард теңгеге жететін үлкен нарық нақты ережесіз, ортақ стандартсыз және жауапкершілік жүйесінсіз жұмыс істеп келеді.

PANA мәліметтері бойынша елімізде риелторлық қызметпен айналысатын 25-30 мыңға жуық адам бар. Бірақ олардың тек жартысы ғана ресми тіркелген. Қалғандары лицензиясыз жұмыс істейтін жеке делдалдар саналады. Олар клиент алдында нақты міндеттеме алмайды және кәсіби жауапкершілік жүктелмейді. Жалпы нарық көлемі шамамен 170 млрд теңгеге бағаланса, көлеңкелі айналым салдарынан мемлекет бюджеті жыл сайын 22 млрд теңгеден астам кірістен айырылып отыр.

Ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті Әсет Айтбаев бұл жағдай кездейсоқ емес екенін айтады. Оның сөзінше, мәселенің түбі құқықтық реттеудің жоқтығында жатыр. «Риелтор» мамандығы заң жүзінде нақты бекітілмеген. Міндетті сертификаттау енгізілмеген, бірыңғай жұмыс стандарттары мен біліктілік талаптары қалыптаспаған. Соның салдарынан кез келген адам бұл салаға еш кедергісіз кіріп, мәміле жасап, кейін жауапкершіліксіз кетіп қала алады. Соңғы екі жылдағы мәмілелер санының күрт өсуі бұл тәуекелдерді одан әрі ұлғайтты.

«Нарық қызған сайын даулы жағдайлар да көбейе бастайды. Қателік, түсінбеушілік, келісімшартқа қатысты жанжалдар жиілейді. Бұған қоса тұрғын үй бағасының өсуі, ипотекалық жүктеменің артуы және халық табысының төмендеуі мәселені қарапайым азаматтар үшін аса сезімтал тақырыпқа айналдырып отыр. Осы жағдайға байланысты Мәжілісте риелторлық қызмет саласын өзгертуге бағытталған бастама көтерілді. Депутат Олжас Құспеков ұсынған ұсыныс бойынша нарыққа өзін өзі реттеу тетігін енгізу қарастырылып жатыр. Бұл модельде жауапкершілік кәсіби қауымдастықтың өзіне жүктеледі. Мақсат қатаң мемлекеттік бақылау орнату емес, керісінше баршаға ортақ түсінікті ережелер қалыптастыру. Яғни мамандыққа кіру шарттары, жұмыс стандарттары, жауапкершілік деңгейі және клиент құқықтарын қорғау жүйесі нақты айқындалуы тиіс», дейді Ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті.

 

Сарапшылар бұл процесті кезінде аудиторлар, бағалаушылар және нотариустар өткен кәсібилену кезеңімен салыстырады. Алғашқы кезеңде өзгерістер оңай болмауы мүмкін. Нарықтан кейбір қатысушылар кетуі ықтимал, қызмет бағасы да уақытша өсуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ашықтық артып, салаға деген сенім күшейеді. 

 «Бүгінде біз нақты ережелері жоқ үлкен нарықты көріп отырмыз. Бұл сұр схемалардың көбеюіне және мамандыққа деген сенімнің әлсіреуіне әкеледі. Өзін өзі реттеу тыйым салу емес, бұл сүзгі. Соның нәтижесінде ережемен жұмыс істеуге және өз ісіне жауап беруге дайын мамандар ғана қалады. Жылжымайтын мүлік саласы бұрын экономика қарқынды өсіп тұрған кезде байқалмаған мәселелерді енді анық сезіне бастады. Өсім баяулаған сайын және халық табысы қысқарған сайын нарықтағы құрылымдық теңсіздіктер айқынырақ көрінеді. Егер ұсынылып отырған өзгерістер 2026 жылы қабылданса, сала сапалы жаңғыру кезеңіне өтуі мүмкін. Көлеңкелі схемалар азайып, азаматтардың сенімі күшейіп, риелтор мамандығы толыққанды кәсіби деңгейге көтеріледі. Ал реформа кейінге қалса, жылжымайтын мүлік нарығы бұрынғыдай белгісіздік пен тәуекел жағдайында қала береді. Бұл тек нарық қатысушыларына ғана емес, тұтас экономикаға да қосымша салмақ түсіреді», дейді Әсет Айтбаев.

Барлық жаңалық