Қазақстанда құны 78 миллион теңгеден асатын пәтер сатып алғандардың банк есепшоты енді бақылауда болады. Қаржы министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатқа сәйкес, мұндай қадамның басты мақсаты – көлеңкелі табысты азайтып, азаматтардың кірісі мен шығысын қадағалау, деп жазады Ozgeris.info.
Құжатта банктер салық органдарына жеке тұлғалардың шоттарының бар-жоғы мен нөмірлерін, ондағы қаражаттың қалдығы мен қозғалысын, берілген несиелер туралы мәліметті, сондай-ақ бір жыл ішінде 20 мың АЕК-тен (шамамен 78,6 млн теңге) асатын мүлік сатып алғандар туралы ақпаратты беріп отыратыны жазылған.
Яғни, біреу осындай қымбат пәтер сатып алса, оның есепшотындағы қаржы айналымы автоматты түрде салық органдарына белгілі болады.
Министрлік мұны салықшыларға кірістерді бақылап, тексеруді дер кезінде жүргізуге, бюджетке түсетін қаржыны көбейтуге және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға мүмкіндік береді деп отыр.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде қымбат пәтер, көлік және басқа да бағалы мүлікке «сән-салтанат салығы» енгізілгенін еске сала кеткен жөн. Онда пәтер құны 450 миллион теңгеден асқанда осындай салық төлеу қарастырылған.