Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ астанасына жасаған сапары екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге шығарды. Ақорда таратқан мәліметке қарағанда, Вашингтондағы келіссөздер кезінде жалпы құны 17 млрд доллар болатын бірқатар ірі келісімдерге қол қойылды, деп жазады Ozgeris.info.
Бірінші кезекте Ақ үйдегі келіссөздер Президентіміздің Вашингтонға шақырылуы және делегацияға көрсетілген протоколдық деңгейдің жоғары болғанын көрсетті. Кездесу барысында Қазақстан президенті Дональд Трамптың президенттік кезеңін тарихи кезең деп бағалап, Америка Құрама Штаттарының экономикадағы, саясаттағы және технологиялық саладағы жетекшілік рөлін күшейте алғанын ерекше атап өтті. Сонымен бірге Қасым Жомарт Тоқаев Трамптың жаһандық тұрақтылықты нығайтудағы еңбегіне назар аударды және АҚШ президентінің халықаралық бастамаларына қолдау білдіретінін мәлімдеді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Қазақстан арасындағы ұзақ жылдық экономикалық байланыстарды ерекше атап өтті. Ол Америка Құрама Штаттарының Қазақстан экономикасына 100 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция салғанын айтты. Бұл қаражат елдің экономикалық дамуына тұрақты серпін беріп отыр.
Кейінгі жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге өсіп, 5 млрд доллар көрсеткішіне жақындады. Қазақстан АҚШ ішкі нарығындағы уранға деген жалпы сұраныстың 25 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ел аумағында 600-ден астам америкалық компания жұмыс істейді.
Президент бұған дейін Ақ үйде өткен тарихи кездесуді ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтқан болатын. Ол С5+1 форматындағы «Орталық Азия және АҚШ» саммитінің өңір мен Америка арасындағы жаңа кезең басталғанын көрсеткенін айтты.
Сапардың маңызды элементтерінің бірі — «TRIPP» деп аталатын халықаралық бейбітшілік пен өркендеуді көздейтін бастаманы қолдау болды. Бұл бастама Орта дәліз жобасының дамуына ықпал ету мүмкіндігімен де байланысты.

Сапардың дипломатиялық тұрғыдан ең назар аударарлық сәті Қасым-Жомарт Тоқаев, Дональд Трамп және Израиль премьер министрі Биньямин Нетаньяху арасындағы телефон әңгімесі болды. Онда Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу ниеті талқыланды. Ақорда Қазақстанның бұл шешімі ешбір елмен арадағы екіжақты міндеттемелерді әлсіретпейтінін, қайта көпвекторлы дипломатияның жалғасы екенін атап көрсетті. Қасым Жомарт Тоқаев осы қадам Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуге және диалогты күшейтуге үлес қосатынын айтты. Дональд Трамп та Қазақстанның бұл шешімін жоғары бағалап, оны әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп атады.
Сонымен бірге Тоқаев Трамптың «Америка қайтадан ұлы ел болуы керек» деген тұжырымдамасының Қазақстанда жүргізіліп жатқан «Әділетті және Қуатты Қазақстан» стратегиясымен үндесетінін айтты. Ол сегіз айда сегіз соғыстың тоқтатылғаны туралы деректі ерекше атап өтіп, бұл әрекеттердің жаһандық тұрақтылықты едәуір күшейткенін жеткізді.
Finmentor.kz авторы Арман Батаев осы сапардың нақты қаржылық мазмұнын талдап, заттың анық бейнесін көрсетіп берді. Оның айтуынша, жарияланған он жеті миллиард доллардың көп бөлігі шын мәнінде Қазақстаннан Америка экономикасына бағытталған келісімдер болып шыққан. А. Батаевтың айтуынша, бұған дейін былтырғы қыркүйекте өткен Тоқаевтың Вашингтон сапары елде түрлі пікір туғызған. Ол сапардан кейін Мемлекет басшысының айналасында бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Ал сол кездегі басты нәтиже – АҚШ-тың Қазақстанға емес, Қазақстанның Америка экономикасына инвестиция салуы еді.
«Биыл ондай сценарий қайталанбауы үшін дайындық мұқият жүргізілді. АҚШ-қа Тоқаевтың алдында вице-премьер Серік Жұманғарин мен Алматы әкімі Ерболат Досаев барып, америкалық әріптестеріне қазақстандық ұлттық компаниялардың облигациялары мен акцияларын Нью-Йорк қор биржасында (NYSE) орналастыру идеясын таныстырды. Бұл қадамның астарында түсінікті мақсат бар. Егер АҚШ-пен бірлескен ірі жобаларды іске асыруға әзірге геосаяси жағдай мүмкіндік бермесе, онда қор нарығы арқылы байланыс орнату – қолайлы шешім. Қазір Ресейге қарсы санкциялық қысым күшейіп барады. Бұл тек жаңа жобаларға емес, бұрыннан бар ынтымақтастыққа да кедергі келтіріп отыр. Осы тұста Қытай Қазақстандағы ресурстық базада, әсіресе стратегиялық металдар саласында өз орнын күшейтуде», дейді экономист.

Кейінгі уақытта Қытай капиталы қатысқан бірнеше ірі келісімшарт жұрт назарына ілікті. Мысалы, Түркістан облысындағы «Заречное» уран кеніші, Жетісудағы «Богуты» вольфрам кені, Ақмоладағы «Райгородок» алтын кені, Қызылордадағы «Балаусаскандық» ванадий кені – бәрінде қытайлықтар белсенді. Тіпті Қарағандыдағы «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпар» вольфрам кеніштерін игеру ісінде америкалық және қытайлық инвесторлардың бәсекесі жүріп жатыр. Дегенмен, АҚШ Қазақстанға дәл қазір ірі инвестициямен келеді деп сену – шамадан тыс оптимизм. Географиялық тұрғыдан да, саяси жағынан да біз әлі америкалық капиталдан тым алыспыз. Ал Қытай мен Ресейдің ықпалы бізге тым жақын.
«Қазіргі шынайы нұсқа – портфельдік инвестициялар. Яғни, америкалық қорлар Қазақстанда жұмыс істеп тұрған компаниялардың акциясын сатып алып, олардың өтімділігін арттыруы мүмкін. Бірақ ол үшін Қазақстан ішкі нарықта бірқатар өзгеріс жасауы керек. Ұлттық компаниялардың еркін айналымдағы акция үлесін көбейту, корпоративтік басқаруды ашық ету, биржа инфрақұрылымына сенім орнату – осының бәрі маңызды. Бұл жолы мәселе жаңа келісімдерде емес. Ең маңыздысы, Қазақстанның жаһандық капитал үшін сенімді серіктес, инвестиция үшін жаңа мүмкіндік екенін дәлелдеу. Біз Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан елміз, бірақ өз бағытымызды айқындап, дербес стратегия көрсете алсақ, сол ең үлкен жетістік», деді сарапшы А. Батаев.
Демек, Тоқаев Вашингтоннан келісімшарттар қоржынын емес, сенім мен жаңа көзқарас әкелсе – сапардың ең үлкен табысы сол болмақ.
Саясаттанушы Таисия Мармонтова Қазақстанның аймақтағы рөліне ерекше тоқталды. Ол өз пікірін былай деп кеңейтті:
«Бұл кездесулер Қазақстанның тәуелсіз ойыншы ретіндегі салмағын арттырады. Менің ойымша, АҚШ президентімен тікелей диалог жүргізу біздің елге үлкен артықшылық береді. Себебі Вашингтон Қазақстанды Орталық Азияға кіретін басты қақпа деп қарай бастады. Бұл жағдай Ресей мен Қытай алдындағы біздің позициямызды да күшейтеді. АҚШ-тың уран, критикалық минералдар, логистика мен цифрлық даму салаларына назар аударуы біз үшін өте маңызды. Осындай бағыттарда серіктестік орнату еліміздің халықаралық беделін көтереді және күрделі геосаяси үшбұрышта біздің орнымызды айқындап береді».
Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Нұралы Камал Трамптың саясатына қатысты қызық пайым айтты:
«Америка бірінші орында деген ұран кейде оқшаулану деп қабылданады. Бірақ бұл олай емес. Бұл прагматикалық шешімдерге негізделген саясат. АҚШ Қазақстандағы жобалардың нәтижесін көріп отыр. Инвестицияның қайтарымы жақсы. Сондықтан бізге қызығушылық арта береді. Әсіресе жоғары технологияға қажетті шикізатқа деген сұраныс өсіп жатқанда, Қазақстанның орны бұдан да маңызды бола түседі».