Қазақстанда «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту жұмыстары басталады. Сонымен қатар келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекетін сапалы реконструкциялауды аяқтау қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтты,деп хабарлайды Ozgeris.info Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін елдің барлық өңірін байланыстыратын заманауи теміржол және автомобиль жолдары желісін дамыту керегін атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын артып келеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын жақсарту, әсіресе солтүстік өңірлердегі жолдарды дамыту маңызды.
Президент отандық жүк тасымалдаушыларды қолдау қажеттігіне де тоқталды. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамын шетелдік тасымалдаушылар жүзеге асырады. Үкімет осы саланы ретке келтіруі керек.
Тоқаев жолдардың сапасына қатысты да сын айтты. Оның сөзінше, республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен сапасын қамтамасыз ету мәселесі ұзақ уақыт бойы тиісті деңгейде шешілмей келген.
Осыған байланысты президент елдегі барлық автомобиль жолына, соның ішінде республикалық және жергілікті жолдарға Көлік министрлігі арқылы Үкімет жауапты болуға тиіс екенін айтты. Қазір республикалық жолдар жалпы жол желісінің шамамен 26%-ын құрайды, ал жергілікті жолдар әкімдіктердің қарамағында.
Мемлекет басшысы жол сапасына қатысты мәселелерді битум мен қиыршықтастың сапасына сілтеме жасаумен түсіндіруге болмайтынын атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, негізгі мақсат – жол инфрақұрылымын жақсарту, Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін күшейту және азаматтардың табысын арттыру.