📰 Сарапшылар пікірі

Теңге құлдырап жатыр: Доллар бағамы 600 теңгеге жетуі мүмкін – сарапшылар

Доллар бағамы күннен күнге өсіп барады. Қазірдің өзінде Астанада бір доллар 530 теңгеге сатылуда, ал кейбір өңірлерде бұдан да қымбат. Жыл басында бұл көрсеткіш 475 теңге болатын. Бір қарағанда маусымдық құбылыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда сарапшылар теңгенің әлсіреуін уақытша емес, терең экономикалық себептермен байланыстырып отыр. Себеп көп. Бюджет тапшылығы, айналымдағы ақшаның көбеюі, Ұлттық банктің әлсіз ақша-несие саясаты және сыртқы саяси тұрақсыздық. Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйеніп зерттеп көрді.

Жылдың алғашқы жартысында үкімет макроэкономикалық болжамды қайта қарап, бюджеттегі доллар бағамын 540 теңгеге дейін көтерген. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қадамның өзі үкімет теңгенің әлсіреуіне іштей дайын екенін білдіреді. 

«Егер бюджетте курс 540 теңгеге бекітілсе, демек бүкіл шығын мен жоспар соған сай қайта есептеледі. Бұл жай ғана цифр емес, нарыққа берілген белгі», – дейді қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Алмат Орақбай.

Сыртқы тәуекелдер мен Ресей факторы

Теңгеге қысым жасап тұрған маңызды факторлардың бірі – Ресейге қатысты санкциялық тәуекелдер. Егер жаңа шектеулер енгізілсе, рубль күрт арзандауы мүмкін. Ал Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты болғандықтан, бұл теңгеге де әсер етеді.

Осындай жағдайда халықтың көкейіндегі басты сұрақ: «Доллар алып үлгеру керек пе?» Бұл сұраққа нақты әрі бірыңғай жауап жоқ. Өйткені әр адамның қаржылық жағдайы мен мақсаттары әртүрлі дейді сарапшы.

«Егер халықтың доллармен төлемі не несиесі болса, доллар сатып алу орынды. Ондай міндеттемелері жоқ болса, дүрлігіп қажеті жоқ. Ең бастысы, шешімді эмоциямен емес, өзіңіздің қаржылық жоспарыңызға сүйеніп қабылдау керек», – дейді Алмат Орақбай. 

Ақша көбейсе, құнсыздану артады

Теңгеге кері әсер ететін тағы бір мәселе бар. Ақша массасының шамадан тыс өсуі. Жыл басынан бері айналымға 1 триллион теңгедей қосымша ақша шығарылған. Қазір елдегі қолма-қол ақша көлемі 5 триллион теңгеге таяды. Бұл инфляцияны күшейтіп, теңгенің сатып алу қабілетін әлсіретеді. Сонымен бірге мемлекеттік қарыз да өсіп жатыр. 2025 жылдың басында қарыз 31 триллион теңгеден асып кетті. Бұл ЕАЭО елдері ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.

Экономист Марат Абдурахмановтың пікірінше, теңгенің негізгі әлсіз тұсы - Ұлттық банктің монетарлық саясатының жүйесіздігі.

«Ұлттық банктің банктер арқылы экономиканы тиімді қаржыландыратын нақты құралы жоқ. Несиенің пайыздары мен халықтың табысы арасында байланыс үзілген. Нәтижесінде несие алып импорт жасау оңай, ал отандық өндіріс тиімсіз болып отыр. Бұл теңгенің нақты құнын түсіреді», – дейді ол.

Оған қоса, бюджет тапшылығы да ұлғайып барады. Биылғы көрсеткіш рекордқа жетті - 4,8 триллион теңге. Оның басым бөлігі қарыз алу арқылы жабылады. Мұндай жағдайда теңгені әдейі әлсірету, бюджетті «қағаз жүзінде» теңестірудің бір амалына айналады. Бірақ бұл халықтың күнкөріс деңгейін одан сайын қиындатады.

Мұнай арзандаса не болмақ?

Бюджет 75 долларлық мұнай бағасына негізделіп құрылған. Егер сұраныс азайып, мұнай арзандаса, баррель 60 долларға дейін түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның экспорттан түсетін кірісі азайып, теңгеге қысым күшейеді.

«Біздің экономика сыртқы жағдайға, әсіресе мұнай бағасына тым тәуелді. Егер мұнай арзандаса, Ұлттық қор мен резерв жетпей қалуы мүмкін. Бұл теңгені тағы әлсіретеді», – деп ескертеді Марат Абдурахманов.

Доллар 600-ге жете ме?

Сарапшылар егер қазіргі жағдай сақталса, жыл соңына дейін доллар бағамы 600 теңгеге жететінін жоққа шығармайды. Бұл әсіресе импортқа тәуелді бизнес пен доллармен несие алған азаматтарға ауыр тиеді. Қазірдің өзінде инфляция шарықтап, мемлекеттік қарыз азаймай тұр, нақты секторды ынталандыратын механизмдер де мардымсыз. Мұның бәрі теңгені бұрынғыдан да әлсіз етеді.

Халыққа қандай кеңес бар?

Сарапшылар дүрлікпей, сабыр танытуға шақырады. Егер валютамен қарыз болса,  алдын ала сақтану жолдарын қарастыру қажет. Егер ондай міндеттеме болмаса, асықпай, жинақтарды әртараптандыруға кеңес береді. Атап айтқанда, бір бөлігін теңгеде, бір бөлігін долларда, қалғанын басқа активтерде ұстаған жөн. Сонымен қатар ақша массасы, мемлекеттік қарыз, базалық мөлшерлеме мен мұнай бағасы секілді негізгі көрсеткіштерді бақылап отырған абзал.

Қорытындылай келе, сарапшылар доллардың өсімін уақытша құбылысқа теңемейді. Керісінше, экономиканың терең мәселелерін көрсететін белгі деп санайды. Олардың пікірінше, ақша саясатындағы жүйесіздік, қарыздың көбейуі, өндірістің әлсіздігі мен сыртқы тәуелділік теңгені тұралатып отыр. Жағдай жақсармайынша, ұлттық валютада тұрақтылық болмайды. Ал теңгеге сенім жоғалған сайын, халықтың да алаңдауы арта бермек. 

Барлық жаңалық