Елімізде темекі өнімдеріне салынатын акциз салығы бірнеше жылдан бері үздіксіз өсіп келеді. Үкімет бұны елімізде темекі шегушілердің саны көптігімен түсіндіреді. Логика қарапайым. Темекі қымбаттаған сайын адам оған көбірек ақша жұмсауға мәжбүр болады. Аталмыш қадам бір жағынан, адамды темекі шегуді азайтуға немесе мүлде тастауға итермелеуі керек. Алайда мұның екінші жағы да бар. Халық арасында ең көп сұранысқа ие тауарлар екенін түсінген үкімет темекі өнімдерінің бағасын мақсатты түрде өсіруде. Сонда темекі өнімі мемлекет үшін пайда көзі ме, әлде салауаттылық құралы ма? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Қазақстанда акциз салығы алғаш рет 1991 жылы енгізілді. Сол кезде салық салынатын тауарлардың тізімі кең болатын. Оған алкоголь, балық деликатестері, шоколад және темекі өнімдері кірген.
Акциз – бұл халық күнделікті тұтынатын тауарларға өндіріс кезінде қосылатын жанама салық. Бұл салықтың сомасы тауар бағасына жасырын түрде кіреді, яғни ақырында оны тұтынушы төлейді. Акциз арнайы белгіленген тауарларға ғана салынады. Олар Қазақстанда өндірілсе де, шетелден әкелінсе де, міндетті түрде осы салыққа жатады. Қазақстанның Салық кодексіне сәйкес, акциз салынатын тауарлардың қатарына темекі өнімдері мен қыздырылатын темекі өнімдері де кіреді.
Бұл салықтың басты мақсаты мемлекеттің бюджетіне табыс түсіру және халықтың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін тауарлардың бағасын реттеу. Көптеген елдерде акциз «зиянды өнім үшін айыппұл» ретінде қарастырылады. Себебі акциз салығы көбінесе денсаулыққа және табиғатқа зиянды өнімдерге салынады. Мемлекет ондай өнімдерге бірден тыйым сала алмайды, алайда акциз арқылы олардың зиянын қаржылай өтейді.
Темекінің зияны мен экономикалық әсері
Темекі – адам денсаулығына ең қауіпті өнімдердің бірі. Қазақстанда темекі шегу әлі де күрделі мәселе. Статистика бойынша, елімізде жыл сайын темекіге байланысты аурулардан шамамен 15 мың адам қайтыс болады. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары, инсульт, өкпе обыры сияқты дерттердің негізгі себебі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да темекі түтіні шылым шегушіге ғана емес, айналасындағы адамдарға да өте қауіпті екенін ескертеді. Басқа адамдар темекі түтінін жұтып, дәл осы ауруларға шалдығуы мүмкін.
Темекі шегу мемлекеттің экономикасына да үлкен салмақ түсіреді. Қазақстанда темекіге байланысты ауруларды емдеуге жыл сайын шамамен 300 миллиард теңге жұмсалады екен. Аталмыш шығын денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың қомақты бөлігі. Бұдан бөлек, темекі шегетін адамдар жиі ауырып, еңбекке жарамсыздық парағын жиі алады. Мұның салдарынан елдегі еңбек өнімділігі төмендейді. Сарапшылардың есебінше, темекі шегуге байланысты Қазақстанның жалпы экономикалық шығындары жыл сайын 1,25 триллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Акциз мемлекетке пайда әкеле ме?
Көпшілік «Темекіден мемлекетке көп салық түседі, бұл бюджеттің пайдасы» деп ойлайды. Шынында, соңғы жылдары темекіге салынатын акциз бірнеше рет өсті. Мысалы, 2023 жылы 1000 дана темекіге акциз мөлшері 14 100 теңге болса, 2024 жылы бұл сома 15 900 теңгеге көтерілді. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, бұл салықтан түсетін табыс темекіге байланысты ауруларды емдеуге кететін шығынды жаба алмайды екен.
Мысалы, 2014 жылы Қазақстанда акциз мөлшері бірден 94% өскен кезде темекі шегушілердің саны азайғаны байқалды. Демек, акцизді көтеру темекі шегуді азайтатыны рас, бірақ бұл мемлекет үшін таза қаржылай пайда әкеле бермейді.
Темекі контрабандасы екі еселенген қауіп
Қазақстан жыл сайын темекі контрабандасынан миллиардтаған теңге салықтан айырылып жатыр. Мысалы, 2023 жылы елде заңсыз сатылатын темекінің үлесі артқан, соның салдарынан мемлекет 32 миллиард теңге салық жинай алмай қалған. Бұл ақшаны мемлекет мектеп, аурухана, балабақша салуға, әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға жұмсай алатын еді.
Қазақстанға темекі контрабандасы көбінесе Қырғызстан арқылы келеді. 2023 жылы елімізге заңсыз әкелінген темекінің құны 1 миллиард теңгеге бағаланған. Контрабандалық темекі әсіресе Алматы, Шымкент, Тараз, Қостанай, Қарағанды, Астана қалаларында кең таралған.
Контрабанда тек бюджетке ғана емес, халық денсаулығына да үлкен қауіп. Себебі мұндай темекілер сапасыз, белгісіз шикізаттан жасалады, әрі құрамында қауіпті заттар болуы мүмкін. Әдетте, оларды базарлар мен шағын дүкендерде еркін сатуға тырысады.
Контрабандалық темекі Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен де келіп жатады. Дубайдағы Джебель-Али аймағында 27 ірі темекі фабрикасы жұмыс істейді. Олар өнімдерін салықсыз шығарып, Орталық Азия елдеріне контрабанда арқылы жеткізеді. 2019 жылы осы аймақтан Қазақстанға кафель болып көрсетілген, бірақ ішінде темекі өнімдері бар жүк келгені анықталған.
2020 жылдан бастап Қазақстан темекі өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізді. Бұл жүйе арқылы өнімнің заңды немесе заңсыз екенін тексеруге болады. Алайда, бақылаудың жеткіліксіздігі, шекарадағы әлсіздік пен кәсіпкерлерді тексеруге салынған мораторий контрабандаға жол ашып отыр.
Темекі контрабандасына қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Сарапшылар мен қоғамдық белсенділер халықтың да жауапкершілігін көтеру қажет деп есептейді. Әр азамат сатып алған өнімнің заңдылығын тексеріп, күдікті жағдайлар туралы хабарлауы тиіс.
Контрабанда мен контрафактпен күресу үшін тек шекараны қатаңдату немесе айыппұлды өсіру жеткіліксіз. Ірі кәсіпкерлер үшін қазіргі ең үлкен айыппұл 2 миллион теңге бір ғана заңсыз тасымалдан оңай жабылатын сома. Сондықтан мемлекет, бизнес және қоғам бірігіп, тиімді әрі әділетті шаралар қабылдауы керек деп есептейді мамандар.
Шындығында, темекі денсаулыққа қауіп төндіретін, экономикаға шығын әкелетін, салауатты қоғам құруға кедергі болатын құрал. Оның бюджеттік табысы уақытша ғана, бірақ ұзақ мерзімді шығыны мен зияны әлдеқайда ауыр. Темекі шегу азайған сайын мемлекет шығындары да азайып, халықтың денсаулығы жақсарады. Сондықтан темекіні бюджеттік табыс көзі емес, қоғам үшін үлкен қауіп деп қарау дұрыс болады.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Әлемнің бірқатар елдері темекіден түсетін салықтың ел экономикасына нақты пайда әкелмейтінін дәлелдеді. Мысалы, Аустралия темекіге ең жоғары салық салатын мемлекеттердің бірі. Соңғы 10 жылда Аустралия үнемі акциз мөлшерін көтеріп отырды. Нәтижесінде елде темекі шегетіндер саны айтарлықтай азайды. Десе де, бюджетке түскен салық көлемі темекіге байланысты ауруларды емдеуге кететін шығынды толық жаба алған жоқ. Есесіне, халықтың денсаулығы жақсарып созылмалы аурулар азайды. Мемлекет ұзақ мерзімді экономикалық пайдаға кенелді. Аустралия темекіні тұтыну деңгейін 10 пайызға дейін түсіруді стратегиялық мақсат етіп қойған.
Ұлыбритания да жақсы нәтиже көрсетті. Ел үкіметі темекіге салықты үнемі өсіріп отырды. Одан бөлек, темекі жарнамасын мүлде тоқтатты. Қаптамаларды бірыңғай қара түске ауыстырды. Темекі шегетін қоғамдық орындарды барынша шектеді. Британдық зерттеулер көрсеткендей, темекіден түсетін салық бюджеттің 1 пайызынан аз ғана бөлігін құрайды екен. Ал темекіге байланысты тікелей және жанама шығындар әлдеқайда жоғары.
Тағы бір мысал – Жапония. Бұл елде темекі салығы өте жоғары, сонымен қатар үкімет халықты темекіден бас тартуға ынталандыратын ұлттық бағдарламаларды іске қосты. Жапонияда темекі тұтыну деңгейі 20 жылда екі есеге азайған. Елдегі зерттеулер темекі сатуынан түскен табыс мемлекетке темекіге байланысты шығындарды өтеуге жетпейтінін көрсеткен.
Кейбір Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, мысалы, Сингапур темекіге қарсы ең қатаң саясат ұстанады. Бұл елде темекіге төленетін салық өте жоғары. Темекі тасымалдауға және қоғамдық орындарда шегуге қатаң тыйым салынған. Нәтижесінде Сингапур халқының арасында темекі шегу көрсеткіші әлем бойынша ең төмен деңгейге жеткен.
Жоғарыда аталған елдердің тәжірибесіне қарасақ, темекіден түскен салықты бюджет құралы ретінде қарастыру қате. Шын мәнінде мемлекет үшін ең тиімді жол темекі шегуді азайту арқылы денсаулық сақтау саласындағы шығындарды төмендету екенін көрсетіп отыр. Темекі салықтан түсетін уақытша пайдадан гөрі, ұзақ мерзімді экономикалық және әлеуметтік шығындарды ұлғайтады. Сондықтан дамыған елдер темекіні салауаттылыққа қарсы фактор деп санап, оны мейлінше азайтуға тырысады.