Қоғам

Театр басшылығы 136 млн теңге жымқырған

Театр басшылығы 136 млн теңге жымқырған

Мемлекеттік қаржыны оңды-солды жұмсау деректері елде тоқтамай тұр. Бұл жолы Шымкент жастар театрының басшылары дауыстың емес, ақшаның үнін күшейткен тәрізді. Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, театрдың директоры мен бірнеше лауазымды тұлға 136 млн теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген, деп жазады Ozgeris.info.

Мемлекет концерт ұйымдастыруға қажет құрал-жабдықтар колонка, сабвуфер, микрофон, сахналық ферма, күшейткіштер және тағы басқа техникалық қажеттіліктер үшін 320 млн теңге бөлген. Бірақ бұл қаражаттың бір бөлігі өнерге емес, алаяқ схемаларға жұмсалғаны белгілі болды.

Агенттік хабарламасында былай делінген:

«Сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттар қолдан бөлшектелген. 20-дан астам атау бойынша тауарлар электронды дүкен арқылы алынған. Бірақ шын мәнінде жабдық жеткізілмеген. Оның орнына жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасалып, бюджет қаржысы қолма-қол ақшаға айналдырылған».

Күдіктілер ақшаны қалтаға салып қана қоймай, оны жылжымайтын мүлікке айналдырған. Тергеу барысында жалпы құны 48 млн теңге болатын автокөлік пен пәтер сатып алынғаны анықталған. Бұл мүлік сенімді адамдардың атына рәсімделіп, шын иесін жасыру үшін арнайы амалдар жасалған.

 

Барлық жаңалық