Алматы қаласында сталкинг жасады деген күдікпен 52 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полиция мәліметінше, Алатау ауданының полициясына 35 жастағы әйел арызданған. Оның айтуынша, өзін жақсы танымайтын ер адам ұзақ уақыт бойы мазасын алып, қайта-қайта телефон соғып, қорқытып, байланысын үзбеген.
Жәбірленуші өз сөзін растау үшін WhatsApp желісіндегі хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаларды полицияға ұсынған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Тергеу кезінде 52 жастағы ер адам өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.