Қазақстандық театр және кино актері, Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының әртісі Аян Өтепберген Испанияның Тенерифе аралында өткен X Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалінде «Үздік актер» номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі бұл марапатқа «Sicko» фильміндегі рөлі үшін лайық деп танылып, Джек Тейлор атындағы жүлдеге ие болды. Фестивальдің қазылар алқасы актердің кәсіби шеберлігіне жоғары баға беріп, кейіпкердің болмысын нанымды жеткізе білгенін, драмалық көріністер мен юморды шебер үйлестіргенін атап өтті.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Sicko» фильмі үш бірдей марапатқа ие болды. Атап айтқанда, картина «Үздік толықметражды фильм», «Үздік актер» және «Үздік костюмдер» номинацияларында жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалі жыл сайын Канар аралдарында ұйымдастырылады. Биыл мерейтойлық оныншы фестиваль 6–15 қараша аралығында өтті.
Аян Өтепбергеннің халықаралық байқаудағы жеңісі – қазақ өнері үшін зор жетістік. Бұл марапат отандық актерлердің шығармашылық әлеуеті мен қазақстандық киноның халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.