Қоғам

Алматы оқушылары Париждегі халықаралық байқауда топ жарды

Алматы оқушылары Париждегі халықаралық байқауда топ жарды

ЮАлматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға көмектесетін Pulmora атты ғылыми жобаны әзірледі, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жас зерттеушілер Парижде ұйымдастырылған iGEM Grand Jamboree 2026 халықаралық байқауында «Инклюзивтілікті дамытудағы үздік жетістік» аталымы бойынша үздік үштікке қосылды.

Оқушылар ұсынған әзірлеме ауруды екі түрлі тәсілмен зерттеуге мүмкіндік береді. Біріншісі – жасушалардағы ген белсенділігіне әсер ететін микроРНҚ молекулаларын талдау. Екіншісі – адамның демімен шығарған ауасын арнайы электронды құрылғы көмегімен тексеру. Жоба авторлары осы әдістерді біріктіру арқылы өкпе обырын ағзаға медициналық араласусыз анықтайтын технология жасауды көздеп отыр.

Жобаны әзірлеу кезінде команда онкологтармен бірлесіп жұмыс істеп, өкпе обырын ерте анықтау кезінде кездесетін қиындықтарды зерттеген. Бұған қоса, технологияны Қазақстанның медицина саласында қолдану мүмкіндіктерін де қарастырған.

Pulmora жобасын Париждегі байқауда Жасмин Әбділда, Тасним Бултаева, Заңғар Сәкен, Софья Желтова, Айжан Сейтқанова, Элиф Досмұхамбетова және Диана Әбрахим таныстырды. Олардың ғылыми жұмысына NIS-тегі «Технотория» инженерлік зертханасының меңгерушісі Дулат Байтүленов жетекшілік етті.

iGEM – синтетикалық биология бағытындағы әлемдегі ең ірі халықаралық ғылыми жарыстардың бірі. Байқау алғаш рет Массачусетс технологиялық институтында (MIT) бастау алған. Биылғы додаға 50-ден астам ел мен өңірден 400-ден аса команда қатысып, жалпы саны шамамен 10 мың адамды құрады.

Барлық жаңалық