Жаңалықтар

«Ұмай» ипотекасының бастапқы жарнасын азайту мәселесі қарастырылып жатыр

«Ұмай» ипотекасының бастапқы жарнасын азайту мәселесі қарастырылып жатыр

Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының бастапқы жарнасын төмендету жолдары әзірленіп жатыр. Жаңартылған шарттар 2027 жылы белгілі болуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Оның сөзінше, қазір «Отбасы банкімен» бірлесіп, бағдарламаның қаржылық мүмкіндіктері мен жаңа талаптары талқыланып жатыр.

«Бастапқы жарнаны азайтуға мүмкіндік беретін тетіктерді қарастырып жатырмыз. Қаржылық модельді “Отбасы банкімен” бірге әзірлеудеміз. Жаңа тетіктерді 2027 жылы жариялауды жоспарлап отырмыз», – деді Бақытжан Жүнісбеков.

Ал өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков бағдарламаға сұраныстың жоғары болуына және өтініш берушілер арасында кезек қалыптасуына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, халық арасында сұранысқа ие бағдарламаларда мұндай жағдайдың туындауы қалыпты. Егер бағдарламаға қызығушылық жоғары болса, оны жетілдіру және қамту аясын кеңейту жолдары қарастырылады.

«Сұраныс жоғары болған жағдайда қолда бар мүмкіндіктерге қарай талаптар мен тетіктерді қайта пысықтаймыз. Қосымша қаржы бөлінсе, осы бағыттағы жұмысты кеңейтіп, сұранысты азайту жолдарын қарастыруға дайынбыз. Бюджет пен нарықтың әлеуетіне қарай қосымша құралдар әзірленеді», – деді Олжас Сапарбеков.

Осылайша, «Ұмай» бағдарламасының бастапқы жарнасын төмендету мәселесі әзірге талқылау сатысында. Нақты шарттар 2027 жылы жариялануы мүмкін.

Барлық жаңалық