Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жатақханада студенттің қаза табуына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Қайғылы оқиғадан кейін университеттің әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Университеттің баспасөз қызметі студенттің қазасы оқу орнының бүкіл ұжымы үшін орны толмас қайғы екенін жеткізді.
«Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Оқу орнының хабарлауынша, қайғылы жағдайдан кейін университет басшылығы шұғыл шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, тәрбие жұмысының тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіптің қамтамасыз етілмеуі салдарынан жауапты басшыларға қатысты кадрлық шешімдер қабылданған.
«Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды», – деп хабарлады университет.
Сонымен қатар қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте жүрген жауапты қызметкерлер де жұмыстан шеттетілген. Қазіргі уақытта олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Университет басшылығы марқұм студенттің отбасымен тұрақты байланыста екенін және қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
«Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын», – делінген хабарламада.
Қайғылы жағдайдан кейін ҚазҰУ-дың барлық жатақханаларында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Атап айтқанда, кешкі бақылау қатаңдатылып, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген.
Оқу орны құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық қолдау көрсетіп отырғанын да атап өтті.
«Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі», – деп мәлімдеді ҚазҰУ баспасөз қызметі.
Дегенмен тергеу құпиясына байланысты университет оқиғаның барлық мән-жайын әзірге жариялай алмайтынын жеткізді. Бұл шектеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес енгізілген.
Университет өкілдері тергеу барысына қатысты жариялауға болатын жаңа мәліметтер туралы қоғам мен марқұмның жақындарын хабардар етіп отыруға уәде берді.
Қазіргі уақытта студенттің қазасына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы мен жауапты тұлғалардың құқықтық жауапкершілігі тергеу нәтижесінде анықталмақ.