Қазақстанда мұнай-газ саласына қажетті өнімдерді шығаратын 15 жаңа өндіріс іске қосылмақ. Жобалардың жалпы құны 37,7 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министрдің айтуынша, жобалар әлемдік және отандық түпнұсқа жабдық өндірушілермен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – мұнай-газ саласында сұранысқа ие тауарларды ел ішінде өндіруді жолға қою, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өндірістің әлеуетін арттыру.
«Мұнай-газ саласында сұранысқа ие түпнұсқа тауарларды шығаратын әлемдік және қазақстандық өндірушілермен бірлесіп, жалпы құны 37,7 млрд теңге болатын 15 жаңа өндірісті локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ ел ішінде қосылған құны жоғары өнім өндіруді және оны шығару құзыретін дамытуға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Ақкенженов.
2022–2025 жылдары Қазақстанда 7,9 млрд теңгеге 10 өндіріс жергіліктендіріліп, 350-ден астам жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар отандық өндірушілерді халықаралық сертификаттаудан өткізуге жұмсалған шығындарды өтеу көлемі ұлғайтылды. Бұрын өтемақының шекті мөлшері 3 мың айлық есептік көрсеткіш болса, қазір 15 мың АЕК-ке дейін жетеді. Бұл кәсіпорындарға сертификаттау шығындарының 60 млн теңгеге дейінгі бөлігін қайтаруға мүмкіндік береді.
«Бұл қолдау қазақстандық өндірушілердің үш ірі оператордың жеткізу тізбегіне қосылуына және өнімдерін шетелге экспорттауына жол ашады», – деді министр.
Қазірдің өзінде мұнай-газ саласындағы жеті отандық тауар өндіруші өз өнімдерін Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдерінің нарықтарына экспорттап отыр.