Мәдениет

Кореялық компания Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашуды ұсынды

Кореялық компания Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашуды ұсынды

Оңтүстік Кореяның Nordic Condor Korea компаниясы Сеулде Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілдігін ашуды ұсынды. Бастама Қазақстанның туристік әлеуетін кореялық саяхатшылар арасында танытып, елге келетін туристер санын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Бұл мәселе Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Nordic Condor Korea компаниясының бас директоры Су Сан Пильдің кездесуінде талқыланды.

Кездесу барысында кореялық компания басшысы Қазақстанмен туристік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Бұған дейін негізінен Еуропа елдеріне туристік сапарлар ұйымдастырған компания енді Қазақстанды кореялық саяхатшылар үшін жаңа бағыт ретінде танытуды көздеп отыр. Осы мақсатта Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашу ұсынылды.

Ербол Мырзабосынов Оңтүстік Корея Қазақстан үшін маңызды туристік нарықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз кореялық туристерге көркем табиғатын, тарихи-мәдени мұрасын, Алматы мен Астананың көрікті жерлерін және тау туризмінің мүмкіндіктерін ұсына алады.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныту, кореялық туроператорлармен байланысты нығайту және елімізге келетін туристер санын арттыру. Сондықтан Nordic Condor Korea компаниясымен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», – деді министр.

ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға Оңтүстік Кореяның 50,9 мың азаматы келген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл елден келген туристер саны 50 292 адамға жеткен.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын, өкілдіктің жұмыс тәртібі мен қаржыландыру шарттарын бірлесіп пысықтауға келісті. Министрліктің мәліметінше, жоба жүзеге асқан жағдайда өкілдікті ашуға және оның күнделікті жұмысына бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажет болмайды.

Барлық жаңалық