Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінде күтпеген кадрлық өзгеріс болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ведомство тізгінін ұстаған Ермек Сағымбаев қызметінен босатылып, оның орнына Марат Ирменов тағайындалды. Бұл шешімнің назар аудартатын тұсы – Сағымбаев осыдан үш күн бұрын ғана Президентке есеп берген еді. Оның үстіне, ауыс-түйіс елдегі аса ірі ұлттық компаниялардың басшылары жемқорлық күдігімен ұсталған тұста жасалды. Ақорда кадрлық шешімге күштік құрылымдардың жұмысындағы олқылықтар да әсер еткенін мәлімдеді. Ал саясаттанушылар оның саяси астарын талқылап жатыр. ҰҚК басшылығының ауысуы нені білдіреді және Қаңтардан кейін басталған өзгерістер қандай бағытта жалғасуы мүмкін?
Ozgeris.info сайты осы мәселелерді саралап көрді.
Үш күн бұрын есеп берген төраға неге қызметтен кетті?
16 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Оның орнына бұған дейін комитет төрағасының орынбасары болған Марат Ирменов тағайындалды. Осылайша, Қазақстанның басты арнаулы қызметін төрт жылға жуық басқарған Сағымбаевтың өкілеттігі аяқталды.
Бұл шешім қоғам назарын бірден аударды. Өйткені небәрі үш күн бұрын, 13 қарашада Ермек Сағымбаев Президенттің қабылдауында болып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жыл басынан бергі жұмысы туралы есеп берген еді. Кездесуде терроризм мен экстремизмге, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы күрес, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы ведомство басшысына бірқатар тапсырма берді. Бірақ ең қызығы, арада үш күн өткенде оның қызметтен босатылғаны белгілі болды.
Мұнда тағы бір назар аударарлық жайт бар. Сағымбаев биыл 24 тамызда Президент жарлығымен ҰҚК төрағасы болып қайта тағайындалған еді. Демек, үш айға жетпейтін уақыт бұрын оған комитетті басқару міндеті қайта сеніп тапсырылған. Ал қарашада басшылықты өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл жағдай кадрлық ауыс-түйістің себебіне қатысты түрлі болжамның тууына түрткі болды.
Көп ұзамай Ақорда ресми түсініктеме берді. Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, Ермек Сағымбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау үшін оның басшылық құрамын жаңарту қажет деп есептеген. Алайда түсініктеменің ең маңызды тұсы мұнымен шектелмеді. Ақорда өкілі бұл шешімге «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшыларына қатысты жемқорлық ісі де әсер еткенін мәлімдеді.
Президенттің пікірінше, күштік құрылымдардың жұмысында олқылықтарға жол берілген. Мемлекет басшысының тергеу барысынан әуел бастан хабардар болғаны да айтылды. Осылайша, ресми түсініктеме Сағымбаевтың қызметтен кетуіне тек жоспарлы кадрлық өзгеріс емес, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты мәселелер де ықпал еткенін көрсетті. Дегенмен нақты қандай кемшіліктер анықталғаны, олардың қай қызметкерлердің әрекетіне қатысты екені және Сағымбаевтың жаңа қызметі қандай болатыны әзірге нақтыланған жоқ.
Қаңтар оқиғасы кезінде келген басшы
Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып 2022 жылғы 6 қаңтарда тағайындалды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі еді. Елдің бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздік болып, Алматыда қарулы қақтығыстар басталды. Мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасалып, құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік құрылымдарының жұмысына қатысты көптеген сұрақ туындады.
Дәл осы уақытта ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қызметінен босатылды. Кейін оған мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану айыптары тағылды. 2023 жылы сот Мәсімовті 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның орынбасарлары да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл оқиғалар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің беделіне елеулі нұқсан келтіріп, ведомствоның басқару жүйесін қайта қарау қажеттігін көрсетті.
Сағымбаев ҰҚК төрағалығына Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы лауазымынан келді. Ол бұған дейін Президент пен басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жұмыс істеген. Сондықтан оның Қаңтар оқиғасы кезінде комитет басшылығына тағайындалуы сол кездегі мемлекеттік басқару жүйесін тұрақтандыруға бағытталған маңызды кадрлық шешімдердің бірі болды.
Жаңа төрағаның алдында күрделі міндеттер тұрды. Біріншіден, бұрынғы басшылыққа қатысты қылмыстық істерден кейін комитеттің жұмысын тұрақтандыру қажет болды. Екіншіден, Қаңтар оқиғасы кезінде қауіпсіздік органдарының әрекетіне қатысты туындаған мәселелерді шешу міндеті қойылды. Үшіншіден, елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді дер кезінде анықтау, терроризм мен экстремизмнің алдын алу, мемлекеттік институттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері өзекті болды.
Сағымбаев осы міндеттерді орындау кезеңінде комитетті басқарды. Оның төрағалығы тұсында ведомствоның өкілеттігі де кеңейді. 2025 жылғы 30 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҰҚК құрамына қосылып, оның негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды. Бұған дейін дербес мемлекеттік орган атқарған міндеттердің едәуір бөлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өтті. Осылайша, ведомство терроризм мен экстремизмге қарсы күресетін арнаулы қызмет қана емес, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жемқорлық қылмыстарын анықтауға да тікелей жауапты құрылымға айналды.
Бұл өзгеріс ҰҚК-нің мемлекеттік басқару жүйесіндегі ықпалын күшейтті. Бірақ өкілеттіктің кеңеюі жауапкершіліктің де артуын білдіреді. Әсіресе мемлекеттік қаржы, ұлттық компаниялар және стратегиялық кәсіпорындарға қатысты қылмыстық істерді тергеу қауіпсіздік органдарының жұмысына жаңа талап қойды. Сағымбаевтың қызметтен кетуі дәл осындай кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.
Ұлттық компаниялардағы жемқорлық ісінің ықпалы
ҰҚК басшылығының ауысуын соңғы күндері елде болған оқиғалардан бөліп қарастыру қиын. 12 қарашада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны хабарланды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің кінәсі сот үкімімен дәлелденгенге дейін оларды қылмыскер деп атауға болмайды.
Бұл іс қоғам назарын бірден аударды. Өйткені «Самұрық-Қазына» – энергетика, мұнай-газ, көлік және басқа да стратегиялық салалардағы ірі активтерді басқаратын қор. Ал «Қазақстан темір жолы» елдің көлік жүйесі мен халықаралық транзиттік әлеуетін дамытуда шешуші орын алады. Мұндай құрылымдардың басшыларына қатысты қылмыстық іс тек құқық қорғау саласындағы оқиға емес, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне де қатысты мәселе.
13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Жиында көлік-логистика саласының дамуы, ұлттық компаниялардың жұмысы және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы жоғары лауазым иелеріне ерекше жауапкершілік жүктелетінін, заң алдында ешкімге артықшылық берілмеуге тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге стратегиялық кәсіпорындардағы қылмыстық істер олардың күнделікті қызметіне, инвесторлар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелеріне кері әсер етпеуі қажет екенін жеткізді.
Арада үш күн өткенде ҰҚК төрағасы ауысты. Ал Ақорданың ресми түсініктемесінде ұлттық компаниялар басшыларына қатысты қылмыстық істің кадрлық шешімге ықпал еткені ашық айтылды. Бұл екі оқиғаның арасындағы байланысты жоққа шығармайды. Бірақ Сағымбаевтың нақты қандай әрекеті немесе шешімі сынға алынғаны жарияланбағандықтан, оның қызметтен кетуін белгілі бір тергеу амалының тікелей салдары деп кесіп айтуға болмайды.
Саясаттанушы қандай болжам айтты?
ҰҚК басшылығының ауысуына қатысты пікір білдіргендердің бірі – саясаттанушы Данияр Әшімбаев. Ол 13 қарашада Президенттің Сағымбаевты қабылдап, есебін тыңдағанына, ал 16 қарашада қызметінен босатқанына назар аударды. Саясаттанушының пікірінше, бұл шешімнің астарында бірнеше жағдай болуы мүмкін.
Әшімбаев әлеуметтік желіде тараған Сағымбаев ұлттық компаниялар басшыларын жоғары жақпен келіспей ұстағаны үшін қызметінен кетті деген болжаммен келіспейді. Оның пайымдауынша, Президент тергеу барысынан хабардар болған. Бұған Мемлекет басшысының 13 қарашадағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында жемқорлықпен күрес мәселесіне арнайы тоқталуы да негіз бола алады.
Саясаттанушы кадрлық шешімге әсер етуі мүмкін екі жағдайды атаған. Біріншісі – Президент төңірегіндегі ықпал үшін күрес туралы қауесетті тоқтату. Екіншісі – атышулы ұстау кезінде құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты туындаған мәселелер. Осы тұста Әшімбаев Астанадағы тұрғын үй кешенінің терезесінен ақшаға ұқсас купюралар шашылған бейнежазбаны да сөз еткен. Оның пікірінше, мұндай жағдайлар күштік құрылымдардың жұмысына қатысты қосымша сұрақ туғызады.
Дегенмен аталған бейнежазбаның ұлттық компаниялар басшыларына қатысты қылмыстық іспен байланысы ресми расталмаған. Сондықтан бұл оқиғаны тергеу барысында болған жағдай ретінде көрсетуге негіз жоқ. Дегенмен Әшімбаевтың пікірі маңызды бір мәселеге назар аудартады: құқық қорғау органдарының жұмысы тек қылмысты анықтаумен өлшенбейді. Тергеу амалдарының заңдылығы, айғақ заттардың сақталуы және қызметкерлердің кәсіби тәртібі де маңызды.
Саясаттанушының бұл болжамы Ақорданың күштік құрылымдардың жұмысында олқылықтар болғаны жөніндегі мәлімдемесімен белгілі бір деңгейде үндеседі. Бірақ ресми тарап олқылықтардың нақты неден көрінгенін ашып айтпағандықтан, екі пікірді бір-бірінің дәлелі ретінде қарастыруға болмайды.
Әшімбаев бұған дейін де Қазақстандағы күштік құрылымдардың ықпалы туралы пікір білдірген. 2026 жылғы маусымда ол Ермек Сағымбаев пен Бас прокурор Берік Асыловты мемлекеттік басқару жүйесіндегі ықпалды тұлғалар қатарында атаған еді. Арада бес ай өткенде Сағымбаевтың қызметтен кетуі қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымдардың саяси салмағын тағы бір мәрте көрсетті.
Марат Ирменов кім және неге дәл осы тұлға таңдалды?
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ғатаұллаұлы Ирменов – еңбек жолының басым бөлігін қауіпсіздік органдарында өткізген генерал-майор. Ол 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы ҰҚК институтын, 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын тәмамдаған. Ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел қызмет атқарып, кейін түрлі басшылық лауазымдарға көтерілді. 2019 жылы оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы берілді.
Ирменовтің еңбек жолындағы ерекшелік – оның елде қауіпсіздікке қатысты күрделі жағдайлар болған өңірлерде басшылық қызмет атқаруы. 2016 жылға дейін Алматы қалалық ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары болды. Сол жылдың шілдесінде Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл шешім Ақтөбеде қарулы шабуылдар жасалып, терроризмге қарсы операция жүргізілгеннен кейін қабылданды.
2020 жылғы ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында ұлтаралық қақтығыс болды. Осы оқиғадан кейін Ирменов Жамбыл облыстық ҰҚК департаментінің басшысы қызметіне ауысты. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қалалық ҰҚК департаментін басқаруға жіберілді. 2025 жылғы қазанда комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Енді, арада бір жылдан астам уақыт өткенде, бүкіл ведомствоның басшылығына келіп отыр.
Данияр Әшімбаев та жаңа төрағаның еңбек жолындағы осы ерекшелікке назар аударған. Саясаттанушы Ирменовтің кәсіби қасиеттері туралы жақсы пікірлер естігенін айтып, бұл ауыс-түйісті бір кәсіби маманның орнына екінші кәсіби маманның келуі ретінде бағалады. Оның пікірінше, басшылықтың өзгеруі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жемқорлыққа қарсы күреске кері әсер етпеуге тиіс.
Сонымен қатыр Facebook әлеуметтік желісіндегі белсенді блогерлердің бірі Жолымбет Мәкіш:
"Қаңтар оқиғасы кезінде Кәрім Мәсімов жан-жақтағы (өңірдегі) департамент басшыларына ғимаратты тастап кетуге бұйрық берген. Сол кезде осы Марат Ирменов жалғыз өзі Мәсімовтың бұйрығын орындаудан бас тартып, ғимаратты ешкімге бермей қойған болатын.."-деп жазды.
Ирменовтің өмірбаянына қарағанда, ол қауіпсіздік мәселесі күрделенген өңірлерде жұмыс істеу тәжірибесін жинаған. Ақтөбедегі терроризм қатері, Қордайдағы ұлтаралық шиеленіс және Алматыдағы Қаңтар оқиғасы сипаты жағынан бір-біріне ұқсамайды. Бірінде қарулы экстремизмге қарсы күрес маңызды болса, екіншісінде қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық қатынас мәселесі алдыңғы орынға шықты. Ал Қаңтар оқиғасы мемлекеттің тұтас қауіпсіздік жүйесіне үлкен сынақ болды. Ирменов осы оқиғалардан кейін аталған өңірлердегі ҰҚК департаменттерін басқарды. Бірақ оның әр өңірдегі қызметінің нақты нәтижесіне қатысты ашық мәлімет шектеулі. Сондықтан бұл тағайындауларды оның жеке жетістігінің дәлелі ретінде бағалау асығыстық болар еді.
Қаңтар кезінде Ирменов қайда болды?
Жаңа төрағаның еңбек жолындағы ең маңызды кезеңдердің бірі – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы. Сол уақытта Марат Ирменов Жамбыл облыстық ҰҚК департаментін басқарған. Яғни елде жаппай тәртіпсіздік басталған кезде ол Алматы қалалық департаментінің басшысы емес еді. Алматыдағы ҰҚК департаментінің басшылығына 2022 жылғы 13 қаңтарда, негізгі қақтығыстардан кейін тағайындалды.
Бұл дерек оның Қаңтар оқиғасы кезіндегі рөлін бағалағанда маңызды. Өйткені Алматыдағы ең ауыр оқиғалар 4-7 қаңтар аралығында болды. Ирменов қаладағы ҰҚК департаментін осы кезеңнен кейін қабылдап алды. Оның алдында қауіпсіздік жүйесінің жұмысын тұрақтандыру, болған оқиғалардың мән-жайын анықтауға қатысу және осындай жағдайдың қайталануына жол бермеуге бағытталған жұмысты ұйымдастыру міндеттері тұрды.
Ирменов Алматы қалалық департаментін 2025 жылғы қазанға дейін басқарды. Демек, оның қызметі Қаңтардан кейінгі қауіпсіздік жүйесінің қалыптасу кезеңімен тікелей байланысты. Десе де оның нақты қандай операцияларға жетекшілік еткені, қандай шешімдер қабылдағаны және олардың нәтижесі туралы ашық дерек жеткіліксіз.
Бұл тұрғыдан алғанда, Сағымбаев пен Ирменовтің еңбек жолында белгілі бір ұқсастық бар. Екеуі де Қаңтар оқиғасынан кейін қауіпсіздік саласындағы жауапты қызметтерге келді. Бірақ Сағымбаев бүкіл комитетті басқарса, Ирменов елдегі ең ірі қала – Алматының қауіпсіздік жүйесіне жауап берді. Бірі ведомствоның орталық басқару деңгейінде жұмыс істесе, екіншісі Қаңтар оқиғасының ең ауыр зардабын тартқан қаладағы құрылымды басқарды. Енді Ирменов сол кезеңде өзі қызмет еткен жүйенің бүкіл ел бойынша жұмысын үйлестіруге жауапты болады.
Президент жаңа төрағаға қандай міндет жүктеді?
16 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен арнайы жиын өткізіп, Марат Ирменовті таныстырды. Мемлекет басшысы қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, жұмыс тиімділігін арттыру және қойылған міндеттерді орындаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алу, мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту міндеттерін қойды.
Президент тапсырмаларының мазмұнына қарағанда, алдағы өзгерістер тек комитет басшысын алмастырумен шектелмеуі мүмкін. Әсіресе ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын реформалау қажеттігінің тікелей айтылуы назар аудартады. Өйткені Қаңтар оқиғасынан кейін қауіпсіздік жүйесін қайта құру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Енді арада төрт жылға жуық уақыт өткенде Президент осы бағыттағы жұмысты тағы да күшейтуді талап етіп отыр. Бұл бұрын жүргізілген өзгерістердің нәтижесін бағалау, басқару тәсілдерін жетілдіру және қауіпсіздік органдарының жауапкершілігін арттыру қажеттігін аңғартады. Дегенмен реформаның нақты жоспары, мерзімі мен ауқымы әзірге жарияланған жоқ.
Жаңа төраға үшін ең күрделі міндеттердің бірі экономикалық қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қатар жүргізу болмақ. Бұған дейін жемқорлықпен күреске жауапты дербес агенттік болған. Ал қазір оның міндеттері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамындағы арнайы қызметке жүктелген. Бұл бір жағынан құқық қорғау органдарының мүмкіндігін кеңейтсе, екінші жағынан ҰҚК-нің жауапкершілігін арттырады. Себебі стратегиялық кәсіпорындардағы жемқорлық тек мемлекет қаржысына келтірілген залалмен шектелмейді. Ол ірі инфрақұрылым жобаларының жүзеге асуына, халықаралық келісімдердің орындалуына және елдің инвестициялық беделіне әсер етуі мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше тоқталуы маңызды. Қылмыс жасалғаннан кейін оны анықтау бір бөлек, ал заң бұзушылыққа мүмкіндік беретін жағдайларды ертерек байқау мүлде басқа міндет. Мұндай жұмыс қауіпсіздік органдарынан кәсіби даярлықты ғана емес, мемлекеттік мекемелермен тиімді байланыс орнатуды, тәуекелдерді талдауды және басқару шешімдерінің салдарын алдын ала бағалауды талап етеді.
Қаңтардан басталған кезең аяқталды ма?
Ермек Сағымбаевтың қызметтен кетуі белгілі бір мағынада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қаңтар оқиғасынан кейінгі басқару кезеңінің аяқталғанын білдіреді. Ол ведомствоға 2022 жылғы саяси дағдарыс кезінде келді. Сол кезде комитеттің бұрынғы басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қауіпсіздік органдарының жұмысына деген сенімге үлкен нұқсан келген еді. Сағымбаев осы жағдайда ҰҚК тізгінін ұстап, төрт жылға жуық уақыт басқарды.
Бірақ оның орнына келген Марат Ирменов те Қаңтардан кейінгі қауіпсіздік жүйесіне сырттан келген адам емес. Керісінше, ол сол кезеңде Алматы қалалық ҰҚК департаментін басқарды, кейін комитет төрағасының орынбасары болды. Сондықтан бұл тағайындауды ведомствоның бұрынғы басшылық құрамынан толық бас тарту деп түсіндіруге болмайды. Жаңа төраға комитеттің ішкі жұмысын білетін, оның соңғы жылдардағы өзгерістеріне қатысқан басшылардың бірі.
Дәл осы жайт кадрлық шешімнің мәнін күрделендіреді. Бір жағынан, Президент қауіпсіздік органдарын реформалау үшін басшылық құрамды жаңарту қажеттігін айтып отыр. Екінші жағынан, жаңа төраға сол жүйенің өз ішінен таңдалды. Демек, алдағы өзгерістердің сипаты Ирменовтің бұрынғы тәжірибесіне ғана емес, Президент тапсырмаларын қалай жүзеге асыратынына байланысты болмақ.
Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Қаңтар оқиғасынан кейін қауіпсіздік органдарының қызметіне қатысты қоғамда көптеген сұрақ туындаған болатын. Мемлекеттік институттар неге дағдарысқа дайын болмады? Қауіптің алдын алу тетіктері неліктен жеткілікті нәтиже бермеді? Құқық қорғау құрылымдарының өзара жұмысы қаншалықты тиімді болды? Бұл сұрақтардың бір бөлігіне ресми тергеу мен сот процестері барысында жауап берілгенімен, қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі туралы мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Енді Президенттің ҰҚК жұмысын қайта реформалау жөніндегі тапсырмасы осы мәселелерге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Бірақ реформаның нәтижесін тек басшылықтың ауысуымен өлшеуге болмайды. Оның шынайы тиімділігі қауіп-қатерді алдын ала анықтау, қылмыстың жолын кесу, заңдылықты сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде көрінуі керек.
Кадрлық шешімнің саяси салмағы
ҰҚК төрағасының ауысуы Қазақстандағы соңғы саяси оқиғалардың аясында ерекше мәнге ие болып отыр. Біріншіден, бұл шешім елдегі аса ірі ұлттық компаниялардың басшылары жемқорлық күдігімен ұсталғаннан кейін қабылданды. Екіншіден, Ақорда күштік құрылымдардың жұмысында олқылықтар болғанын ашық мәлімдеді. Үшіншіден, Президент жаңа төрағаға қауіпсіздік жүйесін реформалау міндетін жүктеді. Осы үш жағдайды қатар қарастырғанда, әңгіме жай ғана бір лауазымды тұлғаның орнына екіншісін тағайындау туралы емес екені байқалады.
Сонымен бірге Сағымбаевтың қызметтен кетуін саяси жазалау немесе оның жеке кінәсінің дәлелі ретінде көрсетуге негіз жоқ. Ақорда оның басқа жұмысқа ауысатынын хабарлады. Ал күштік құрылымдардың жұмысындағы кемшіліктерге қатысты нақты жауапкершілік мәселесі ашық айтылған жоқ. Сондықтан кадрлық шешімнің барлық себебі белгілі болды деу ерте.
Дегенмен бұл оқиға мемлекеттік басқару жүйесіндегі бір маңызды қағиданы тағы да алға шығарды. Жоғары лауазым иесінің қызмет нәтижесі тек атқарылған жұмыспен емес, оның қарамағындағы құрылымның тиімділігімен де бағаланады. Әсіресе ұлттық қауіпсіздік саласында басшының жауапкершілігі жоғары. Өйткені бұл құрылымның жұмысы елдің саяси тұрақтылығына, экономикалық мүддесіне және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Халықаралық ақпарат құралдары да бұл ауыс-түйіске назар аударды. Reuters агенттігі ҰҚК басшысының өзгеруін ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуымен қатар қарастырып, «Самұрық-Қазына» қоры басқаратын активтердің Қазақстан экономикасындағы ауқымын атап өтті. Бұл жағдай елдегі қауіпсіздік органдарының жұмысы мен стратегиялық кәсіпорындардағы басқару мәселелерінің халықаралық деңгейде де назарда екенін көрсетеді.
Осылайша, Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК тізгінін ұстаған Ермек Сағымбаевтың орнына сол оқиғадан кейін Алматыдағы қауіпсіздік жүйесін басқарған Марат Ирменов келді. Екі басшының да еңбек жолы Қазақстанның соңғы жылдардағы күрделі кезеңдерімен сабақтас. Бірақ жаңа төрағаның алдында тұрған міндеттер бұрынғыдан өзгеше. Егер 2022 жылы қауіпсіздік жүйесін тұрақтандыру алдыңғы орынға шықса, қазір оның тиімділігін арттыру, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жемқорлықтың алдын алу мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр.
Сағымбаевтың қызметтен кетуі Қаңтардан кейін басталған өзгерістердің аяқталғанын білдіре ме, әлде қауіпсіздік жүйесін жаңартудың келесі кезеңіне жол аша ма? Бұған жауапты алдағы кадрлық шешімдер мен ҰҚК жұмысындағы нақты өзгерістер береді. Әзірге анық нәрсе – Мемлекет басшысы қауіпсіздік органдарының қазіргі жұмыс тәртібін жетілдіру қажет деп санайды. Ал Марат Ирменовтің алдында осы талапты іс жүзінде орындау міндеті тұр.
Өйткені ұлттық қауіпсіздік жүйесінің беріктігі басшылардың қаншалықты жиі ауысатынымен емес, мемлекетке төнетін қатердің қаншалықты ерте анықталатынымен, заңның қалай сақталатынымен және қоғамның қауіпсіздігі қаншалықты сенімді қамтамасыз етілетінімен өлшенеді.