Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылды. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің Қазақстанда заңды тұлға ретінде өкілдік ашуы міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы Құрылтайда онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша заң жобаларын таныстырған мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министрдің айтуынша, заң жобалары онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтуге және интернетте заңға қайшы контенттің таралуын азайтуға бағытталған.
2026 жылдың алғашқы 10 айында онлайн-платформаларда заңға қайшы 128,5 мың материал анықталған. Алайда олардың тек 70 пайызы ғана өшірілген. Осыған байланысты платформалардың Қазақстан заңнамасының талаптарын орындауына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, онлайн-платформалар Қазақстан аумағында заңды тұлға нысанындағы өкілдігін ашуға міндеттелуі мүмкін. Сондай-ақ платформа иелері мен олардың өкілдері заңға қайшы контентті немесе балаларға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою туралы уәкілетті органның нұсқамасын орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бұдан бөлек, бес мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігі енгізілмек.
Заң жобасындағы тағы бір маңызды өзгеріс балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты. Онда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне шектеу қою көзделген. Платформа иелері пайдаланушылардың жасын тексеруге міндетті болады. Алайда бұл талап ата-аналармен, мұғалімдермен және басқа адамдармен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Сонымен қатар онлайн-кинотеатрлар мен аудиовизуалды платформалардың қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, аудиовизуалды платформалар арқылы теле-радиоарналарды тарату лицензия негізінде жүзеге асырылмақ. Ал онлайн-кинотеатрлар Қазақстанда заңды өкілін айқындауы керек.
Заң жобасында азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға да басымдық берілген. Егер адам туралы оның беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таралса, оны теріске шығару сол ақпарат жарияланған дереккөзде, соның ішінде әлеуметтік желілерде де орналастырылуы мүмкін.
Сондай-ақ масс-медиа мен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны және әлеуметтік желілерде жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады.
Бұдан бөлек, адамның фото және видео бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты нормалар нақтыланады. Ашық дереккөздерден алынған бейнелерді адамның келісімінсіз пайдалануға, егер ол бұған тыйым салмаған болса, рұқсат етіледі.
Мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын БАҚ-та жариялаған кезде арнайы белгі қою да ұсынылып отыр. Бұл ресми ұстаным мен журналистік материалды ажыратуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге білім беру курстарын ұсынатын адамдардың білімі туралы және оккульттік қызметтердің сипаты жөніндегі ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.
Арман Қырықбаевтың мәлімдеуінше, заң жобаларын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді. Министр депутаттардан құжаттарды бірінші оқылымда қолдауды сұрады.