Ақын Мөлдір Айтбай әнші Өмірқұл Айниязовқа арнап жазған өлеңінің тарихын баяндап, өнер иесіне деген өкпесін жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Ағадан “етпен айналысады екенсіз ғой, бір жілік ет беріңізші” деп сұрағанмын. Ол өлең жазбай тұрғанда еді. “Інің апарып береді” деді. Келсем, бір жілік ет тұр. Сөйтіп ән шықты. 30 қыркүйек күні гранд-финалға келді. Әнді айтып болған соң, “Жеңгесінің Мөлдірге сыйлығы бар екен” деді. Сахнада жеңгем сөйлеп, “осынша жасқа келгенде Өмекеңнің он үшінші қабырғасы деген атқа ие қылған Мөлдір қайын сіңіліме” деген кезде, кемі бриллиант набор күттім. Алтын сақина деді. Кейін Өмірқұл ағаға тағы да бір жілік ет беріңізші дедім. “Жақында соямын, жазып қоямын” деді. Өмірқұл аға аудио хабарлама жіберіпті. Содан 3300 теңге дегенді көтере алмадым. Баласына өзім барып алып кетемін дедім. Етті тиеп берді. Баласына “бері кел” дедім. “Мынаны сенің мамаң келіп, елдің алдында таққан еді. "Он үшінші қабырғаны" жазып беріп, бір қабырғаны сатып алатын болсам, онда мен тақпай-ақ қояйын. Алтын тағып отырып жедім деп елестетейін. Осыны әкеңе бер, осымен есептестік” дедім», – деді ақын.
Ақынның бұл жазбасына Қайнар Алагөзов те пікір білдіріп, Мөлдір Айтбайға қолдау білдірді.
«Ботам-ау, есіңде болсын: бір ақын он әншіні асырайды, бір әнші он ақынды асырай алмайды», – деп жазды ол.