📰 Сарапшылар пікірі

Соза берген қарыздың соңы қайда апарады?

Соза берген қарыздың соңы қайда апарады?

Қарызды кейінге ысыра беру көп адамға уақытша шешім болып көрінуі мүмкін. Алайда уақыт өткен сайын мәселе жеңілдемейді, керісінше күрделене түседі. Әсіресе берешек жеке сот орындаушысының қолына өткен сәттен бастап шығын да көбейеді, шектеу де артады, деп жазады Ozgeris.info.

 Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамтыу агенттігіне қарасты Fingramota.kz мамандары қарызды сот орындаушысына жеткізбей реттеу әлдеқайда тиімді екенін айтады. Жалпы, мерзімі өткен берешек сирек құбылыс емес. Төлемді уақытында жасай алмай қалған азаматтардың көбі жағдайды кейін түзетемін деп ойлайды. Алайда дәл осы кезеңде әрекет еткен адам мәселені әлдеқайда жеңіл шеше алады.

Берешек сотқа немесе жеке сот орындаушысына жеткенге дейін кредиторлар қарыз алушымен келіссөз жүргізуге мүдделі болады. Өйткені олардың басты мақсаты – қаражатты қайтару.

«Мерзімі өткен берешек пайда болған кезде жағдайды әлі де реттеуге мүмкіндік бар. Кредиторлар көбіне қарызды өтеудің түрлі жолдарын қарастыруға дайын. Қарыз алушыға төлем кестесін өзгерту, төлем мерзімін кейінге қалдыру, қаржылық жүктемені азайту немесе қайта құрылымдау ұсынылуы мүмкін. Дәл осы кезеңде борышкердің жағдайға ықпал ету мүмкіндігі жоғары болады әрі қосымша шығындардың алдын алуға жол ашылады», дейді мамандар.

Алайда жағдай сот бұйрығы, атқарушылық парақ немесе нотариустың атқарушылық жазбасы шыққан сәттен бастап өзгереді. Өндіріп алу рәсімі мәжбүрлеп орындату кезеңіне өтеді. Осы тұста қарыздың көлемі де ұлғая бастайды. Өйткені негізгі берешекке атқарушылық іс жүргізуге байланысты қосымша шығындар қосылады.

«Жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін ақы өндіріп алынатын соманың белгілі бір пайызы ретінде есептеледі. Берешек көлеміне қарай бұл көрсеткіш 25 пайыздан 3 пайызға дейін жетуі мүмкін. Мысалы, шамамен 2 миллион теңге қарыз болған жағдайда қосымша шығын көлемі 300 мың теңгеге жуықтауы ықтимал. Бұл айыппұл немесе өсімпұл емес. Ол мәжбүрлеп орындату рәсімінен туындайтын шығын болып саналады», дейді Fingramota.kz сарапшылары.

Қазіргі таңда өндіріп алу үдерісі бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жүреді. Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы істер жеке сот орындаушылары арасында автоматты түрде бөлінеді. Соның арқасында шоттарға тыйым салу немесе өзге шектеулер енгізу көп уақыт алмайды.

Жеке сот орындаушысының қарауына өткен азаматқа бірнеше шектеу қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, банк шоттары бұғатталады, жалақыдан ұсталым жасалады, мүлікке қатысты шектеулер қойылады, кейбір тіркеу әрекеттеріне тыйым салынады. Тіпті белгілі бір жағдайда шетелге шығуға да шектеу енгізілуі ықтимал. Бұл талаптардың ішінде азаматтарға ең көп қолайсыздық туғызатыны – қаржыға қолжетімділіктің шектелуі.

«Заңнама борышкердің негізгі қажеттіліктерін қорғауды көздейді. Дегенмен іс жүзінде өз қаражатын еркін пайдалана алмау азаматтарға едәуір қиындық тудырады. Сонымен қатар атқарушылық құжаттағы берешек көлемі 40 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда елден шығуға уақытша тыйым салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл шамамен 173 мың теңгені құрайды», дейді сарапшылар.

Мұндай шектеу көп жағдайда азаматтар үшін күтпеген жерден белгілі болады. Әсіресе демалысқа, оқуға немесе іссапарға шығар алдында оның салдары анық сезіледі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайға жеткізбеудің ең тиімді жолы – мәселені уақыт оздырмай шешу.

«Қарыз мәселесінде ең маңызды ресурс – уақыт. Атқарушылық құжат жеке сот орындаушысына берілгенге дейін қарыз алушының кредитормен тікелей келісу мүмкіндігі сақталады. Осы аралықта қайта құрылымдау жасауға, төлем шарттарын өзгертуге немесе берешекті толық өтеуге болады. Егер міндеттеме осы кезеңде орындалса, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеудің қажеті болмайды», дейді мамандар.

Дегенмен іс жеке сот орындаушысының өндірісіне өтіп кеткен жағдайда да әрекетсіз отыруға болмайды. Берешекті төлеп қою ғана мәселені толық шешпейді. Көп адам қарызды өтеген соң мәселе жабылды деп ойлайды. Бірақ атқарушылық іс жүргізу ресми түрде аяқталуы керек. Ол үшін тиісті қаулы шығарылып, қойылған барлық шектеу алынуға тиіс. Осы рәсімдер толық аяқталмайынша шоттарды бұғаттау немесе басқа да өндіріп алу шаралары күшінде қалуы мүмкін.

Қарыздың қауіпті тұсы оның көлемінде ғана емес. Кейде мәселені кейінге қалдыра беру берешектің өзінен де қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан қиындық туындаған сәтте кредитормен байланысқа шығып, шешім іздеген әлдеқайда тиімді. Өйткені келіссөз арқылы шешілетін мәселе ертең қосымша шығынға, бұғатталған шотқа немесе шетелге шығуға қойылған шектеуге ұласуы ғажап емес.

 

Барлық жаңалық