Бурабай аудандық сотында Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде болған жойқын жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Іс бойынша сот алдында үш адам жауап берді. Олар – кафе жалға алушысы, автогаз құю станциясының директоры және газ баллондарын жеткізуші.
Соттағы соңғы сөзінде кафе жалға алушысы қайғылы жағдайға байланысты өкінішін білдіріп, кінәсін мойындағанын айтты. Оның сөзінше, ол бірнеше жыл бойы Ақмола облысының тұрғындарына түрлі көмек көрсетіп келген. Жарылыстан кейін де зардап шеккендерге қолдау көрсетіп, арнайы орталық ашқанын, тәулік бойы байланыста болғанын және ауруханаға қажетті дәрі-дәрмек жеткізгенін айтты.
Ол кафенің жұмысы мен құжаттарын басқарушыға сеніп тапсырғанын айтып, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тиісті деңгейде бақыламағанын мойындады.
«Болған жағдай үшін баршаңыздан кешірім сұраймын. Бұған шын жүрегіммен өкінемін. Зардап шеккендердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, көмектесе беремін», – деді сотталушы.
Ал автогаз құю станциясының директоры тағылған айыппен келіспейтінін білдіріп, соттан өзін ақтауды сұрады. Ол газ баллонының сыртқы жылу әсерінен жарылғанын айтып, 25 ақпанда «Шерол» автожанармай құю станциясында тұрмыстық газ баллондарын толтыру мен келесі күні кафеде болған өрт арасында себептік байланыс жоқ екенін мәлімдеді.
Газ баллондарын жеткізуші болса соттан оқиғаға әділ әрі заңды баға беруді өтінді.
Прокурор соттан кафе жалға алушысы мен автогаз құю станциясының директорының әрқайсысын жеті жылға, ал газ баллондарын жеткізушіні алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Судья Әсел Ілиясова үкімді жариялап, үш сотталушыны да кінәлі деп таныды.
Кафе жалға алушысы ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған үш жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында қызмет етуге тыйым салынды.
Автогаз құю станциясының директоры Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Газ баллондарын жеткізушіге де ҚК-нің 306-бабы 3-бөлігі бойынша алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды. Зардап шеккендерге 1 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеу белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Оған 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым беруге болады.