🤖 Digital

NVIDIA басшысы: «Қазақстан – Президенті жасанды интеллектті ұлттық басымдық деп жариялаған алғашқы ел»

NVIDIA басшысы: «Қазақстан – Президенті жасанды интеллектті ұлттық басымдық деп жариялаған алғашқы ел»

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстан Президентінің жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Астанаға алғаш рет келген Дженсен Хуанг Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы бастамаларына жоғары баға берді. Оның айтуынша, жаңа технологиялар ел экономикасының дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың мүмкіндіктерін кеңейтеді.

– Қазақстан – мен барған елдердің ішінде Президенті жасанды интеллектті дамытуды ұлттық басымдық деп жариялаған алғашқы мемлекет. Жасанды интеллект елдеріңіздің дамуын жаңа деңгейге көтеруге, адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және компаниялардың әлемдік нарықта бәсекеге түсіп, ауқымын ұлғайтуына көмектеседі. Жасанды интеллект қоғамдарыңызды өзгертеді, – деді Дженсен Хуанг.

Оның сөзінше, жасанды интеллект қазақстандық компаниялардың дамуына және халықаралық нарыққа шығуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Астанадағы alem.ai орталығына барған NVIDIA басшысына Physical AI, яғни физикалық жасанды интеллект саласындағы жаһандық хаб құру жоспары да таныстырылды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан қажетті инфрақұрылымды дамытып, мамандар даярлауға және жаңа технологияларды әзірлеуге жағдай жасап жатыр.

Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары елдің жасанды интеллект саласындағы бастамаларына әлемдік технология көшбасшыларының қызығушылық танытып отырғанын көрсетті.

Барлық жаңалық