Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допингке қатысты дау төңірегінде жанкүйерлеріне арнайы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Алдымен боксшы өзіне қолдау көрсетіп жатқан барша жанкүйерлерге алғыс білдірді. Оның айтуынша, дәл осындай сын сәттерде халықтың сенімі мен қолдауы ерекше сезіледі.
«Маған қолдау білдіріп жатқан спортшы бауырларыма және барша жанкүйерлерге шын жүректен рақмет айтамын. Кейбір шетелдік жанкүйерлер бұл жағдайға қуанып жатқанда, өз қазағым мені жалғыз қалдырмай, тазалығыма сеніп отыр. Демек, бокс жолында жаман жанкүйер жинамаған екенмін. Қиын кезде де қасынан табылатын адал жанкүйер — әр спортшы үшін үлкен бақыт», – деп жазды чемпион.
Сонымен қатар Жәнібек Әлімханұлы спорттағы адалдық қағидаларын әрдайым басты орынға қоятынын тағы бір мәрте атап өтті.
«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Бұл – баршаңызға белгілі. Таза спортты насихаттаудан ешқашан тайған емеспін», – деді ол.
Айта кетейік, желтоқсан айына жоспарланған жекпе-жекке дайындық барысында алынған допинг сынамасына байланысты дау туындап, көпшілік күткен Жәнібек Әлімханұлы – Эрисланди Лара арасындағы кездесу өтпейтін болды. Бұл жекпе-жек орта салмақтағы жылдың ең басты айқастарының бірі ретінде бағаланған еді.