Кейінгі апталарда қымбатшылық мәселесі қоғамдағы ең басты тақырыптардың біріне айналды. Халық та, сарапшылар да бағаның шарықтауына алаңдаулы. Экономист, сарапшы Айбар Олжаев бұл жағдайды жан-жақты талдап, қымбатшылықтың табиғатын түсіндіріп, оны жеңудің қандай тетіктері бар екенін айтып өтті, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, мәселені үстірт емес, терең талдау қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, инфляцияны бір күнде тоқтату мүмкін емес.
«Сен қымбатшылықпен айналыспасаң, қымбатшылық сенімен айналысады», дейді сарапшы.
Айлықты көтеру неге нәтиже бермейді?
Айбар Олжаев халық арасында жиі айтылатын пікірдің бірі – айлықты көбейтсек, баға мәселесі шешіледі деген ой екенін айтады. Алайда бұл дұрыс емес.
«Халықтың айлығын екі есеге көбейткен күннің өзінде тауар бағасы одан да жылдам өседі. Мысалы, бәрі 200 мың теңге жалақы алғанда еттің келісі 2 мың теңге еді делік. Айлықты бір күнде 400 мың теңгеге көтерсек, баға 4 мыңға емес, күтулердің әсерінен 5 мың теңгеге дейін өседі. Ал кейін жалақыны қайтадан азайтсақ та, баға төмендемейді», дейді сарапшы.
Осылайша, тек жалақыны өсіру арқылы қымбатшылықпен күресу мүмкін еместігі дәлелденіп отыр.

Неге бізде тауар қымбат, жұмыс күші арзан?
Экономистің пікірінше, Қазақстанда қымбатшылықтың басты себебі – ішкі өндірістің әлсіздігі мен роботтандырудың болмауы.
«Біз тауарды өзіміз өндірмейміз, ал өндірген салаларда жұмыс күші қолмен атқарылады. Робот емес, бірнеше адам жасаған өнімнің өзіндік құны бастапқыдан қымбат. Ал жалақы аз болғандықтан, халықтың табысы тауар құнын көтеруге жетпейді, ақыры олар кредитке жүгінуге мәжбүр болады», дейді Айбар Олжаев.
Осылайша, ел экономикасы «шырмауық шеңберге» түсіп отыр: жалақы аз, ал оны көбейткен сайын өнімнің құны артып, баға қайтадан шарықтайды.

Шешімі қандай?
Сарапшы уақытша болса да қымбатшылықты бәсеңдетудің бірнеше тәсілін ұсынды:
1. Тұтынушылық кредиттерді 6 айға тоқтату. Бұл импортқа сұранысты азайтады және бағаның өсуін тежейді.
2. Азық-түлік экспортын 3 айға баяулату. Фермерлерге ауырлық түссе де, ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді.
3. Жоғары пайыздық депозиттерді енгізу. Мысалы, бір жыл мерзімге шешуге болмайтын 22 пайыздық депозит артық теңгені нарықтан алып, инфляцияны азайтады.
Ал қымбатшылықпен түбегейлі күресудің жалғыз жолы – өндірісті көбейту әрі оны роботтандыру.
«Ішкі өндірісті дамытып, еңбек өнімділігін арттырсақ қана тауардың өзіндік құны төмендейді. Бұл бағаның тұрақтануына алып келеді. Ал тауар массасы артқан сайын жалақыны ақырындап көтеруге болады. Сол кезде халықтың табысы өсіп, қымбатшылық қайта шарықтамайды», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, дамыған елдер тәжірибесі осыны дәлелдеп отыр. Онда тауар арзан, бірақ жұмыс күші қымбат. Қазақстан да осы жолға шығуы тиіс.