📰 Сарапшылар пікірі

 Құрылыс саласы импортқа тәуелді ме?

Кейінгі жылдары Қазақстанда құрылыс саласы ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды. Мемлекеттік бағдарламалар, урбанизация қарқыны, тұрғын үйге деген жоғары сұраныс нарықты алға сүйреп отыр. Үкіметтің «Нұрлы жер» және басқа да инфрақұрылымдық бастамалары тұрғын үй құрылысының көлемін арттырды. Дегенмен осы тұста сұрақ туады: бұл қарқын отандық құрылыс индустриясын толыққанды дамыта алды ма? Ішкі нарықтың сұранысы жергілікті өндіріс есебінен қамтамасыз етіліп отыр ма, әлде импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр ма?

Импорт үлесін иектей алмай отырмыз

Қазір Қазақстандағы құрылыс саласы көптеген негізгі материалдарды шетелден тасымалдауға мәжбүр. Цемент, арматура, шыны, сэндвич-панельдер, сантехника, есік-терезе сияқты негізгі тауарлардың едәуір бөлігі Қытай, Ресей, Түркия және Ираннан жеткізіледі. Сарапшылардың айтуынша, кейбір шетелдік материалдардың бағасы қолжетімді, ал сапасы нарық талабына сай. Бұл жағдай құрылыс компаниялары үшін шетелдік өнімдерге сүйенуді тиімді етеді.

Алайда отандық өндірістің жеткіліксіздігі негізгі мәселе. Кейбір өнімдер мүлде өндірілмейді, ал өндірілетіндерінің көлемі сұранысты толық қамтуға жетпейді. Соның салдарынан компаниялар жобаларын уақытылы аяқтау үшін импорттық материалдарға тәуелді болып отыр.

Импортқа тәуелділікті азайту мақсатында Үкімет кейінгі жылдары бірнеше стратегиялық бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы жаңа өндірістерді қаржыландыру, «Самұрық-Қазына» қорының импортты алмастыру саясаты, жергілікті өндірушілерге субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер беру жаңа зауыттар ашуға және өндірістік қуаттарды арттыруға инвестиция тарту бар. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Өнеркәсіп комитетінің өкілі Думан Мұхаметқалиев бұл жөнінде былай деді:

«Бүгінде отандық құрылыс материалдары ұлттық стандарттармен шығарылады. Бұл стандарттар еуропалық талаптарға сәйкес келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық материалдар елдегі сұраныстың 66,7 пайызын қамтамасыз етті. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті».

Дегенмен ішкі өндірістің үлесі артқанына қарамастан, импорт үлесі де әлі айтарлықтай жоғары болып отыр. Министрлік дерегінше, 2024 жылы құрылыс материалдарының ішкі тұтыну көлемі 3,9 млрд долларды құрады, соның ішінде импорт 1,3 млрд доллардан асты.

Межеге жетемін деп мертігіп қалдық

Елімізде құрылыс саласына арналған көптеген негізгі материалдар өндіріліп жатыр. Мәселен:
    •    Дайын бетон 100%
    •    Темірбетон бұйымдары 99,6%
    •    Газдалған бетон блоктары 99%
    •    Құрылыс ерітінділері мен қоспалары 98%
    •    Портландцемент 92%

Сонымен бірге әк (81%), гипсокартон (63%), минералды жүн (48%) өндірісі де жолға қойылған. Дегенмен, шыны, сантехника, сэндвич-панельдер, әйнек және күрделі әрлеу материалдары сияқты өнімдер бойынша импорттық тәуелділік әлі де сақталып отыр.

Үкімет екі жыл бұрын отандық құрылыс материалдарының үлесін 65 пайызға жеткізуді мақсат еткен болатын. Бірақ бұл межеге жету жолында бірқатар кедергілер бар. Ең бастысы, технологиялық артта қалу, шикізат тапшылығы және зауыттардың өндірістік қуаттылығының жеткіліксіздігі.

«Айдын Япы Груп» құрылыс компаниясының инженері Марс Нәшірұлы мәселені былайша түсіндірді:

«Отандық өнімдерді қолдану тек патриоттық сезім емес, экономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс. Қазіргі жағдайда отандық өндірушілер сапаны арттырмай, бағамен бәсекеге түспейінше, сұраныс айтарлықтай өспейді».

Сарапшының айтуынша, басты мәселе тек сапада емес, жеткізілім тұрақтылығында жатыр. Көптеген отандық өнімдер сапасыз деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ олардың тұрақты жеткізіліп тұрмауы негізгі мәселе. Кейбір жобаларда материал жетіспей қалады, бұл құрылыстың кешігуіне себеп болады. Сондықтан компаниялар сенімді шетелдік жеткізушілерді таңдауға мәжбүр.

Құрылыс компанияларының тәжірибесі не дейді?

Ірі құрылыс компаниялары BI Group, Bazis-A өз жобаларында отандық материалдарды 40-60 пайыз көлемінде қолданады. Ал орта және шағын компаниялар үшін баға шешуші фактор болып қала береді, сондықтан олар көбіне арзан импорттық материалдарды таңдайды.

Мемлекеттік сатып алу кезінде отандық өнімдерді қолдану міндеттелгенімен, бұл талап кейде тек құжат жүзінде ғана орындалып отыр. Бұл мәселе саладағы шынайы жағдайды көрсетеді: қағазда отандық өнімнің үлесі жоғары, ал іс жүзінде импорттың рөлі басым.

Сарапшылардың пікірінше, құрылыс саласының болашағы отандық өндірістің дамуына, жаңа технологияларды енгізуге және өнім сапасының артуына тікелей байланысты. Импортты толық алмастыру үшін мына қадамдар қажет:
    •    Жаңа өндіріс орындарын ашу
    •    Сапаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру
    •    Инвестицияларды тарту және қаржыландыруды жеңілдету
    •    Аймақтық ынтымақтастықты күшейту
    •    Материалдарды жеткізу тізбегін тұрақтандыру

Егер осы бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізілсе, Қазақстан алдағы жылдары құрылыс материалдарына тәуелділікті едәуір азайта алады.

Бұл бағытта мемлекет те, бизнес те бірлесе әрекет етсе ғана құрылыс саласы жаңа деңгейге көтеріледі. Қазіргі жағдайды мүмкіндік ретінде пайдалана білсек, отандық өндірісті дамытып, импорттық тәуелділікті азайтуға болады.

Барлық жаңалық