Бұрын алаяқтарды анықтау оңайырақ еді. Қате жазылған хабарлама, күмәнді сайт немесе бейтаныс нөмірден түскен қоңырау көп жағдайда қауіптің белгісі саналатын. Қазір жағдай өзгерді. Жасанды интеллект алаяқтардың мүмкіндігін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді, деп жазады Ozgeris.info.
Енді олар адамның дауысын көшіре алады, бейнесін жасай алады, тіпті танымал компаниялардың атынан мінсіз хат жазып, жалған жұмыс ұсыныстарын тарата алады. Киберқауіпсіздік мамандары бүгінде интернеттегі алаяқтықтың жаңа дәуірі басталғанын айтып отыр. Бұрын қылмыскерлер сенімге кіру үшін бірнеше күн, кейде апта жұмсайтын. Қазір нейрожелілер мұндай жұмыстың басым бөлігін бірнеше минуттың ішінде атқарады.
Соңғы айларда әлемде ChatGPT атауын пайдаланып жасалған алаяқтық схемалар көбейді. Push Security зерттеушілері анықтаған жағдайлардың бірінде қаскүнемдер пайдаланушыларды ChatGPT сервисіндегі техникалық ақаулар туралы хабарламалар арқылы алдаған. Бәрі шынайы көрінеді. Таныс логотип, үйреншікті интерфейс, белгілі брендтің атауы. Кейін пайдаланушыға мәселені шешу үшін «ресми қосымша» орнату ұсынылады. Алайда оның ішінде зиянды бағдарлама жасырылған. Мамандар мұндай шабуылдардың қауіптілігі жүйені бұзуда емес екенін айтады. Негізгі қару – адамның сенімі.
«Егер бұрын қаскүнемдер адамды сендіретін хаттар дайындау, жалған сайттар жасау немесе телефон соққан кезде түрлі аңыздарды ойлап табуға апта бойы уақыт жұмсаса, қазір мұндай міндеттердің басым бөлігі бірнеше минуттың ішінде орындалады. Соның салдарынан алаяқтық схемалар әлдеқайда сенімді көріне бастады. Оларды анықтау да күрделеніп барады. Адам таныс брендті көрген кезде сақтығы төмендейді. Қылмыскерлер дәл осы психологиялық ерекшелікті пайдаланады», дейді Fingramota.kz сарапшылары.
Жасанды интеллект дамыған сайын ең үлкен қауіптердің бірі дипфейк технологиялары болып отыр. Бұл – адамның дауысын, бейнесін немесе бет қимылын жасанды түрде көшіру технологиясы. Бұрын мұндай нәтижеге жету үшін арнайы студия мен күрделі техника қажет болатын. Қазір бірнеше бейнежазба немесе әлеуметтік желідегі қысқа роликтің өзі жеткілікті болуы мүмкін. Жасанды интеллект адамның дауысын үйреніп, оны дәл қайталай алады.
Соңғы жылдары әлемде дипфейк арқылы жасалған алаяқтықтың салдарынан миллиондаған доллар жоғалған жағдайлар тіркелді. Ең шулы оқиғалардың бірі Гонконгта болды. Компания қызметкері онлайн жиналыс кезінде қаржы аудару туралы тапсырма алады. Экрандағы адамдардың бәрі таныс әріптестері сияқты көрінген. Кейін олардың барлығы жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнелер екені анықталған. Компания бірнеше миллион долларынан айырылған. Мұндай қауіп тек ірі компанияларға ғана қатысты емес.
«Бүгінде қаскүнемдерге адамның цифрлық көшірмесін жасау үшін ашық дереккөздердегі бірнеше аудио немесе бейнежазба жеткілікті. Дауысты, бет әлпетін және сөйлеу мәнерін қайталау барған сайын оңайлап келеді. Соның салдарынан жалған қоңыраулар мен бейнехабарламалар шынайы көрінеді. Қарапайым азаматтар көбіне туысының, досының немесе танысының атынан келген көмек сұраған хабарламаларға сеніп қалуы мүмкін», дейді мамандар.
Мысалы, сізге балаңыздан немесе жақын туысыңыздан қоңырау келуі мүмкін. Дауысы дәл өзі сияқты. Арғы жағында тұрған адам жол апатына түскенін, полиция бөлімінде отырғанын немесе шұғыл ақша қажет екенін айтады. Көпшілік мұндай жағдайда тексеріп жатпайды. Эмоцияға беріліп, бірден әрекет етеді. Алаяқтар дәл осыны күтеді.
Жасанды интеллект еңбек нарығына да жаңа қатер әкелді. Қазір интернетте жалған бос жұмыс орындары көбейіп келеді. Бұрын алаяқтар қарапайым хабарландырумен шектелетін. Енді нейрожелілердің көмегімен кәсіби деңгейде дайындалған вакансиялар, ресми хаттар және компания сайттарының көшірмелері жасалады.
Кейбір жағдайда үміткер бірнеше кезеңнен тұратын сұхбаттан өтеді. Өзін халықаралық компанияның қызметкері ретінде таныстырған адаммен сөйлеседі. Құжат толтырады. Тест тапсырмаларын орындайды. Бірнеше күн өткен соң арнайы бағдарламаны орнату немесе сілтемені ашу ұсынылады. Сол сәтте алаяқтар оның құрылғысына еніп, жеке деректеріне қол жеткізеді. Бірақ мұның өзі соңғы шек емес.
«Қайшылықты жағдай болғанымен, жасанды интеллект бұл жерде екі бағытта қолданылып отыр. Бір жағынан, алаяқтар жұмыс іздеушілерді алдайды. Екінші жағынан, өздері де жалған кандидаттарды жасайды. Фотосуреттер, өмірбаяндар, тәжірибе туралы мәліметтер ойдан құрастырылып, тіпті бейне сұхбаттарға дипфейк арқылы қатысу жағдайлары тіркеліп отыр. Мұндай әрекеттердің мақсаты – компаниялардың ішкі жүйелеріне ену немесе құпия деректерге қол жеткізу», дейді Fingramota.kz сарапшылары.
Киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, жасанды интеллект алаяқтықты арзандатып, жылдамдатып жіберді. Бұрын қылмыскерге сайт жасау, мәтін жазу немесе дауыс өзгерту үшін арнайы білім қажет болатын. Қазір мұның басым бөлігін нейрожелілер атқарады. Сондықтан алаяқтық схемалар саны да, сапасы да артып келеді. Бүгінде негізгі нысана компьютер де, смартфон да емес. Негізгі нысана – адамның өзі. Өйткені қандай технология қолданылса да, соңғы шешімді адам қабылдайды. Сілтемені ашу, файлды жүктеу немесе ақша аудару туралы пәрменді де адам береді.
Сондықтан мамандар жаңа дәуірдегі ең мықты қорғаныс антивирус емес, цифрлық сауаттылық екенін айтады. Күмәнді хабарламаны тексеру, қоңырау шалған адамның кім екенін нақтылау, жеке деректерді бейберекет таратпау және эмоцияға берілмеу – алаяқтардың ең қауіпті қаруына қарсы тұратын басты құралдар осы.