Қызылорда облысы Шиелі ауданында 16 жастағы Балсұлу Өмірзақтың қазасына байланысты күдікке ілінген жергілікті тұрғын ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаеваның сөзінше, Балсұлу 2 маусым күні кешкі уақытта құрбысының шақыруымен үйден шығып кеткен. Алайда сол түні үйіне оралмаған қызды туыстары келесі күні таңертең іздей бастаған. Кейін, 3 маусым күні жергілікті тұрғындардың бірі жасөспірімнің мәйітін канал шлюзінен тауып, құқық қорғау органдарына хабарлаған.
Аталған оқиғадан кейін полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні қолға түсірді.
«Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деді департаменттің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.