Қаржы туралы сөз қозғалғанда көпшілік инвестиция, акция немесе қосымша табыс көздерін ойлайды. Алайда қаржыгерлердің басым бөлігі кез келген қаржылық жоспардың негізі инвестиция емес, қаржылық қауіпсіздік қоры екенін айтады. Өйткені күтпеген жағдай ешкімнен сұрап келмейді. Жұмыстан қысқару, денсаулыққа қатысты мәселе, отбасылық қиындық немесе экономикалық дағдарыс кез келген адамның өмірінде болуы мүмкін. Осындай сәтте адамды қарыздан да, күйзелістен де қорғайтын басты құрал – қаржылық қор, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшылар қаржылық қауіпсіздік қоры кемінде үш айдан алты айға дейінгі негізгі шығындарды жабуға жетуі қажет екенін айтады. Мұндай кеңес қаржы тақырыбындағы кітаптар мен оқулықтарда жиі кездеседі. Алайда көпшілік бұл қаражаттың шынайы құндылығына терең мән бере бермейді. Қаржыгер Тұрар Әбдидің пікірінше, қаржылық қор – жай ғана банк шотында жатқан ақша емес. Ол адамның ішкі еркіндігі мен таңдау құқығын қамтамасыз ететін құрал.
«Қаржы мен инвестиция туралы сөз қозғағанда әңгімені әрдайым қаржылық қауіпсіздік қорынан бастаймын. Әдетте мамандар азаматтарға үш айдан алты айға дейінгі өмір сүру шығындарын жабатын қор қалыптастыруға кеңес береді. Бір қарағанда бұл жалықтыратын әрі қызықсыз кеңес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы қаражаттың адам өміріндегі ең үлкен құндылығы көбіне ескерілмей жатады. Мысалы, отбасының ай сайынғы негізгі шығыны 300 мың теңге болса, алты айлық қор шамамен 1,8 миллион теңгені құрайды. Біреу үшін бұл ескі көліктің бағасы, енді біреу үшін жаңа смартфон мен бірнеше мәрте демалысқа жұмсалатын қаражат. Өмір бойы табатын табыспен салыстырғанда бұл аса үлкен сома емес. Бірақ дәл осы ақша адамға ешқандай қаражатқа сатып ала алмайтын дүниені береді. Ол – ішкі еркіндік пен өзін құрметтеу құқығы», дейді қаржыгер.
Маманның айтуынша, қаржылық қордың ең маңызды артықшылығы адамның тәуелсіз шешім қабылдауына мүмкіндік беруінде. Көп жағдайда адамдар өз құқығын қорғай алмай, ұнамайтын ортада жұмыс істеуге мәжбүр болады. Себебі олардың басты қорқынышы – табыссыз қалу. Ал жинағы жоқ адам үшін жұмыс орнын жоғалту үлкен тәуекелге айналады.
«Егер шотыңызда ақша болмаса әрі несиелік міндеттемелеріңіз көп болса, басшылықтың кез келген талабына көнуге мәжбүр боласыз. Кей жағдайда артық жұмыс істейсіз, демалыс күніңізді құрбан етесіз, өз пікіріңізді ашық айта алмайсыз. Себебі табыссыз қалудан қорқасыз. Ал қаржылық жастықшасы бар адам жағдайға басқаша қарайды. Ол өз құқығын қорғай алады. Қажет болса, жұмыстан кетіп, жаңа мүмкіндік іздеуге дайын тұрады. Мұндай адамдардың өзіне деген сенімі де жоғары болады», дейді Тұрар Әбди.
Қаржылық тәуелсіздіктің маңызы кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар үшін де ерекше. Маманның сөзінше, тұрақты қоры жоқ кәсіпкер немесе фрилансер көбіне кез келген тапсырысқа келісуге мәжбүр болады.
«Қаражат қоры жоқ адам әр клиентке тәуелді болады. Ол төмен бағамен жұмыс істеуге, орынсыз талаптарға көнуге мәжбүр. Ал белгілі бір қоры бар кәсіпкер өзіне тиімсіз ұсыныстардан бас тарта алады. Бұл оның табысын азайтпайды, керісінше кәсіби деңгейін көтереді. Өйткені ол өзін бағалайтын серіктестермен ғана жұмыс істеуге мүмкіндік алады», дейді ол.
Қаржылық қауіпсіздік қорының әлеуметтік маңызы да зор. Әсіресе отбасы институты тұрғысынан алғанда оның рөлі ерекше. Сарапшылардың пікірінше, материалдық тәуелділік көптеген адамның өмір сапасына әсер етеді. Кей жағдайда адамдар қаржылық мүмкіндік болмағандықтан өзіне жайсыз қарым-қатынастарға төзуге мәжбүр болады.
«Қаржылық тәуелсіздік адамның таңдауы еркін болуына жол ашады. Егер қарым-қатынаста қысым, қорлау немесе өзге де қолайсыз жағдайлар туындаса, адамның өз өмірін қайта бастауға мүмкіндігі болуы қажет. Мұндай кезде жинақталған қаражат қауіпсіздік кепіліне айналады. Адам өз шешімін қорқыныштан емес, саналы түрде қабылдай алады», дейді қаржыгер.
Маман қаржылық жастықша тек жұмыссыз қалу қаупіне қарсы қор емес екенін атап өтті. Ол күтпеген ауру, жол-көлік оқиғасы, табыстың азаюы немесе экономикалық тұрақсыздық кезеңінде де маңызды рөл атқарады. Қаржы нарығындағы мамандардың көпшілігі қауіпсіздік қорын жоғары тәуекелді құралдарға емес, өтімді әрі қолжетімді қаржы өнімдерінде сақтауға кеңес береді. Бұл қаражат кез келген уақытта қажет болуы мүмкін болғандықтан, оны ұзақ мерзімді инвестицияларға толық салу тиімсіз саналады. ұрар Әбди де өз тәжірибесінде осы қағиданы ұстанатынын айтады.
«Менің қаржылық жастықшам бір жылға жететін көлемде қалыптасқан. Оның негізгі бөлігін теңгедегі депозиттерде сақтаймын. Белгілі бір бөлігі шетел валютасында тұр. Аздаған қаражат қолма-қол ақша түрінде бар. Ең бастысы – бұл қордың кез келген уақытта қолжетімді болуы», дейді ол.
Маман қаржылық қор жинау мен инвестицияны қатар жүргізуге болатынын, бірақ басымдық қауіпсіздік қорына берілуі тиіс екенін атап өтті. Егер адам инвестиция жасауды бастағысы келсе, қаражатты екі бағытқа бөлуге болады. Мәселен, жинақтың 60 пайызын қаржылық жастықша қалыптастыруға, қалған 40 пайызын инвестицияға бағыттауға мүмкіндік бар. Дегенмен ең алдымен қауіпсіздік қоры қалыптасуы қажет.